Нигерияның солтүстік-шығысында террористік «Боко Харам» тобының шабуылы салдарынан 63 адам, оның ішінде бес әскери қызметші көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шабуыл 5 қыркүйекте Борну штатының Бама ауданындағы Дараджамал ауылында болған. Штат губернаторы Бабагана Зулум оқиға орнына барып, қайтыс болғандардың санын растады. Ол бұл жағдайды үлкен қасірет деп атап өтті.
Бұл қауымдастық бірнеше ай бұрын ғана қоныстанып, қалыпты өмір сүре бастаған еді. Өкінішке қарай, „Боко Харамның“ шабуылына ұшырады. Біздің мақсатымыз — халықты қолдау және олардың төзімділігін нығайту, — деді губернатор.
Зулум өңірдегі тұрақсыздықпен күрестің күрделілігін айтып, қауіпті елді мекендерді қорғау үшін әскердің жаңа бөлімшелерін жедел жіберуге шақырды.
Бұған дейін Нигерия әскери-әуе күштері Бама ауданындағы Дар-эль-Джамал ауылына әуе соққысын жасап, 30 содырды жойғанын мәлімдеген еді.
"Боко Харам" 2000-жылдардың басынан бері Нигерияда әрекет етіп келеді. 2009 жылдан бастап топ жаппай шабуылдарға кірісіп, ондаған мың адамның өмірін қиды. 2015 жылдан бері ұйым Камерун, Чад және Нигер аумақтарына да шабуылдарын кеңейткен. Тек Чад көлі маңында ғана екі мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан.
Жиі қайталанатын шабуылдар мен қарулы қақтығыстар салдарынан жүздеген мың нигериялық үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.