Нигерияның солтүстік-шығысындағы Йобе штатында әскери әуе соққысы салдарынан кемінде 200 адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, соққы Йобе мен Борно штаттарының шекарасында орналасқан Джилли ауылындағы базарға жасалған. Бұл аймақта әскер «Boko Haram» террористік тобының содырларын қуып жүрген.
Аудан басшысының кеңесшісі әрі Фучимерам округінің дәстүрлі жетекшісі Лаван Занна Нура Гейдамның айтуынша, қаза тапқандар саны 200-ден асқан. Оның мәліметінше, жараланғандар Йобе мен Борно штаттарының ауруханаларына жеткізіліп жатыр.
Әуе соққысы мен құрбандар саны туралы ақпаратты сондай-ақ үш жергілікті тұрғын мен халықаралық гуманитарлық ұйым өкілі растады.
Нигерия Әскери-әуе күштері Джилли ауданында «Boko Haram» содырларының жойылғанын мәлімдеді.
Йобе штатының төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі (SEMA) Джилли базарындағы оқиға туралы алдын ала мәлімет алғанын, салдарынан саудагерлер арасында құрбандар бар екенін және шұғыл әрекет ету жұмыстары басталғанын хабарлады.
Зардап шеккендердің бірі, 43 жастағы медициналық тауарлар сатушысы Ахмед Али жарылыс кезінде жарақат алғанын айтты. Оның сөзінше, соққы болған сәтте ол қашуға тырысқан, кейін басқа адамдармен бірге жерге жата қалған.