Нигерияның Замфара штатында алтын өндіретін шахта құлап, кем дегенде 100 адам көз жұмды. Бұл туралы Reuters агенттігі құтқарушылар мен куәгерлерге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Жергілікті тұрғын Сануси Аувалдың айтуынша, құлаған шахтадан 13 адамның мәйіті шығарылған, олардың ішінде оның туысы да бар. Ал тірі қалғандардың бірі 100-ден астам адамның тек 15-і ғана құтқарылғанын жеткізді.
Штаттың шахтерлер қауымдастығының өкілі Мұхаммед Иса апат фактісін растады. Оның айтуынша, кейбір құтқарушылар зардап шеккендерді алып шығу кезінде тұншығып қалған.
Замфарада заңсыз алтын өндіру кең тараған. Жергілікті кеніштерді қарулы топтар жиі бақылауға алып, бұл зорлық-зомбылыққа әрі қайғылы жағдайларға әкеліп отыр.