Бас жаңалықтар
Министр жаңа мемлекеттік бағдарламалар бойынша күтілетін нәтижелерді атады
09 Желтоқсан 2019, 12:52 1258

Министр жаңа мемлекеттік бағдарламалар бойынша күтілетін нәтижелерді атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жыл соңына дейін қабылданатын мемлекеттік бағдарламалар бойынша күтілетін нәтижелер туралы баяндады.  

2019 жылдың аяғына дейін Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы, "Бизнестің жол картасы-2025", "Нұрлы жол", "Нұрлы жер", "2025 жылға дейін өңірлерді дамыту", "Денсаулық", "Білім және ғылымды дамыту" мемлекеттік бағдарламалары қабылданады. Жаңа мемлекеттік бағдарламаларда мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысы, президенттің сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан халқына жолдауы шеңберінде берілен тапсырмалары ескерілген, - деді ҰЭМ басшысы.    

Дәленов аталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру 2025 жылға қарай экономиканың жоспарлы түрде өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін, халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталатынын айтты. Ол келесідей күтілетін нәтижелер мен мақсаттарды атап өтті. 

Өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұлғайту, бітіргеннен кейін бірінші жылы жұмысқа орналасқан ЖОО түлектерінің үлесін 75%-ға дейін ұлғайту, урбанизация деңгейін 62%-ға дейін арттыру, 3 477 ауыл инфрақұрылымын жаңғырту көзделеді. 38 мың км автожолдар салынып, жөндеумен қамтылатын болады. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 1,6 есе, шағын және орта бизнес үлесі 35%-ға артады. 103,2 млн шаршы метр тұрғын үй енгізіледі. Жұмыспен қамту орталықтарына өтініш білдіргендердің үлесі 75%-ға дейін артады, ал жұмыссыздық деңгейі 4,8% деңгейінде сақталады. Негізгі капиталға инвестициялар деңгейі ЖІӨ-ге 30%-ға дейін жеткізілетін болады, - деді ҰЭМ басшысы.
Бұған дейін, ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Ұлттық қор қаржысын үнемдейтін бюджеттік ережелер әзірленетінін айтты.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...