Бас жаңалықтар
Бүгін
Елбасы Қазақстан қаржыгерлері VIII конгресінің қатысушыларын құттықтады
15 Қараша 2018, 14:59 183

Елбасы Қазақстан қаржыгерлері VIII конгресінің қатысушыларын құттықтады

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың
Қазақстан қаржыгерлері VIII конгресінің
қатысушыларына арналған құттықтау сөзі
Алматы қ., 15 қараша 2018 ж.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Қазақстан қаржыгерлерінің VIII конгресіне қош келдіңіздер!

Бұл Конгресс ұлттық валютамыздың 25 жылдық мерейтойы күні өткізіліп отыр. Төл теңгеміздің айналымға енгізілуі мемлекеттілігіміздің қалыптасуы жолындағы маңызды белес болды. Теңге өз қаржы жүйемізді қалыптастыруға мүмкіндік берді әрі экономикалық егемендігімізді қамтамасыз етіп, дербес ақша-несие саясатын жүргізуді қамтамасыз етті.

Содан бері Қазақстан экономикасының ауқымы айтарлықтай өсті. Шетелден тартылған инвестиция көлемі 300 миллиард доллардан, ал халықаралық қорымыз 86 миллиард доллардан асты. Қазіргі таңда құрылымдық және институционалдық реформалар белсенді жүзеге асырылып, Үшінші жаңғыру басталды.

Капиталға және ауқымды қаржылық қызмет көрсетуге кеңінен жол ашатын «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды. Оның базасында Қазақстанның дербес еуробондтарын орналастыру және IPO жөніндегі алғашқы мәмілелер жасалды.

Бүгінде әлемдік экономикалық құрылымның қарқынды трансформациясы жағдайында халықаралық қаржы жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде оңтайлы шешім іздеу үшін жаһандық диалог қажет.

Конгресс сындарлы ой-пікір алмасатын, сондай-ақ елдеріміздің әл-ауқатын арттырып, орнықты даму үшін мемлекеттер арасында қаржылық ынтымақтастықты нығайтудың жаңа әдістерін әзірлейтін тиімді басқосу болады деп сенемін.

Баршаңызға сәттілік пен толағай табыс тілеймін!


Сізден жаңалық