Халықаралық кинофестивальде қазақстандық көркем фильм Бас жүлдеге ие болды

7 Шілде 2019, 11:02
2816
Бөлісу:
Халықаралық кинофестивальде қазақстандық көркем фильм Бас жүлдеге ие болды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ХV Еуразия халықаралық кинофестивалінде Фархат Шәріповтің «Тұлғалық өсу тренингі» көркем фильмі Бас жүлдеге ие болды. Бұл туралы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«30 маусым мен 6 шілде аралығында өткен ХV Еуразия халықаралық кинофестивалінде режиссер Фархат Шәріповтің «Тұлғалық өсу тренингі» көркем фильмі Бас жүлдеге ие болды. Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Фильм сценарийі Данияр Сүгіралиновтың «Кирпичи 2.0» романы желісінде жазылған», - делінген хабарламада.

ТЛР1.jpg

«Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, «Тұлғалық өсу тренингі» фильмі қырық жасқа келген, орта жас күйзелісін кешіп жүрген, өмірден ештеңе күтпейтін банк қызметкері Қанат (Дулыға Ақмолда) туралы баяндайды. Бір күні бас кейіпкер коуч-тренердің (Әнуар Нұрпейісов) өмірде табысқа жету және көшбасшы болу жайлы тұлғалық өсу тренингіне қатысады. Көшбасшылықтың қыр-сырын түсініп, біраздан бері көрмеген танысы Даниярды (Ержан Тусупов) кездестіргенде, оның өмірге деген көзқарасы өзгереді.
ТЛР2.jpg

Естеріңізге сала кетейік, аталған кинотуынды осы жылдың сәуірінде «41-халықаралық Мәскеу кинофестивалінде» Гран-приге ие болды. «Үздік фильм» номинациясындағы «Алтын Георгийді» Ф.Шәріповке халықаралық қазылар алқасының төрағасы – танымал корейлік режиссер Ким Ки Дук табыстады. Картина 4 шілдеден бастап ресейлік прокатта, ал ақпан айында қазақстандық прокатта болды.

66130675_440131379910461_2551000957945118720_n.jpg

Фильмнің әлемдік тұсаукесері 23-Пусан халықаралық кинофестивалінің «Азиаттық кино терезесі» бағдарламасында өткен. Сонымен қатар, өткен жылы картина 14-халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалінде Қазылар алқасының Арнайы жүлдесі мен NETPAC жүлдесіне ие болды.

Өзгелердің жаңалығы