Зиянкестерге қарсы пестицидтер сатып алынды – АШМ

2 Сәуір 2019, 12:08
2767
Бөлісу:
Зиянкестерге қарсы пестицидтер сатып алынды – АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында елдегі фитосанитариялық және өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар туралы баяндады.

Фитосанитария, карантин саласындағы іс-шараларды қаржыландыруға 34,6 млрд теңге көзделген, бұл 2018 жылғы деңгейден 7,2 млрд теңгеге артық. 2019 жылы аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы іс-шаралар жүргізуге былтыр 3,6 млрд теңге бөлінсе, биыл 4,9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Пестицидтер, оларды сақтау, тасымалдау және қолдану жөніндегі көрсетілетін қызметтер сатып алынып қойды. Сәуір айының екінші онкүндігінде оңтүстік өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жүргізу жоспарланып отыр.

«Еліміздің фитосанитариялық қызметі 2018 жылы аса қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілер бойынша ел аумағын өңірлендіру жұмысын жүргізді. Дер кезінде қабылданған шаралар шегірткелердің таралу аймағын өткен жылғы 1,9 млн гектардан биыл болжанып отырған 950,4 мың гектарға дейін екі есеге азайтуға мүмкіндік берді. Федералды білім агенттігінің ғылыми ұсынымдарын ескере отырып, өңдеудің жаңа әдістері қолданылады», - деп айтты Омаров.

Министр 2016 жылғы аса қауіпті организмдермен залалданған алаң 5,1 млн гектардан 2019 жылы 3,9 млн гектарға дейін төмендегенін, карантиндік арамшөп саналатын тікенекті алқаның таралу ошақтары толығымен жойылып, америкалық ақ көбелек, Комсток сымыры, калифорниялық қалқаншалы сымыр және шығыс жеміс жемірі сияқты бірқатар карантиндік объектілердің таралу алаңы қысқарғанын айтты.

«Ел аумағын карантиндік объектілердің енуі мен таралуынан қорғау мақсатында 2019 жылы 19 ақпанда Қырғыз Республикасы аумағынан құрма, алма, тұқымдық және тағамдық картоп әкелуге тыйым салу арқылы уақытша карантиндік фитосанитариялық шаралар енгізілді. Өзбекстан мен Қырғызстандағы әріптестермен фитосанитариялық, карантиндік бақылау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол карталарына қол қойылды. 30-дан астам ұн тартатын Қазақстан кәсіпорны және 105 астық сақтау кәсіпорны Қытай тізіліміне қосылуы астық пен ұнның Қытай нарығына экспортын ұлғайтуға мүмкіндік бермек», - деді ведомство басшысы.

Министр баяндамасында ветеринариялық қызметтерді орналастыру бойынша шешімін таппаған мәселелерді де атап өтті.

«2013-2014 жылдары жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған 2534 ветстанция мен ветпункттің тек 33%-ы ғана өз үй-жайларында орналасқан, 63%-ы әкімдіктерде немесе басқа да ұйымдармен бірге орналасқан, ветпунктердің 4%-ында үй-жай жоқ. 431 ветстанция мен ветпункт үй-жайларына күрделі жөндеу жүргізу қажет, 13374 лауазымдық бірліктің 537-сі – бос орын, 3764 техникадан 130 техника пайдаланылмайды», - деп айтты Омаров.

Осыған дейін бруцеллезді анықтау енді бүкіл табынға жүргізілетіні туралы айтқанбыз. Жыл басынан бері жануарлар ауруларының 20 ошағы тіркелген

Сонымен қатар, Сауд Арабиясы Корольдігімен ірі қара, ұсақ малдарды сою және өсіру үшін экспорттауға арналған ветеринариялық сертификаттың келісілгені туралы жазғанбыз. 
Өзгелердің жаңалығы