"Ұят емес". Ата-ана балаға жыныстық тәрбиені қалай беру керек

29 Қазан 2019, 15:15
11744
Бөлісу:
"Ұят емес". Ата-ана балаға жыныстық тәрбиені қалай беру керек
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Канадалық жергілікті бастамалар қорының қаржылық қолдауымен Tandau Foundation мен UyatEmes.kz балалардың гендерлік және жыныстық сауатын ашуға ата-аналарды онлайн тренингтер мен ашық дәрістер арқылы үйрету жобасын бастады.  

Қоғамда жыныстық сауаттылық жөнінде көп айтыла бермейді. Мұны үлкендер "ұят" көрсе, жастар жағы сұрақтарына интернеттен жауап іздейді. Жыныстық сауаттылық әйелдер мен қыз балалардың "жоқ" деп айтуға, сексуалдық зорлық-зомбылыққа төтеп беруге, контрацепция құралдарын пайдалану қабілеттігінің болуына тікелей байланысты болып отыр. Сауаттылық болмаса, мұның салдары ерте жүктілікке, жыныстық инфекциялардың таралуына, ерте некеге, әдетте қыздардың отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналуына әкеп соғады. 

Қазақстан мектептерінде жыныстық сауат ашу жоқтың қасы. Интернеттен сапалы ақпарат табу оңай емес. Ал қоғам жыныстық сауат ашу білім жүйесінің шаруасы емес дейді. Ал ата-аналар бұл тақырыпты жете білмейтіндіктен, ұялатындықтан сөз етуден қашады. Осы орайда Канадалық жергілікті бастамалар қорының қаржылық қолдауымен Tandau Foundation мен UyatEmes.kz жобасы ата-аналарға гендерлік теңдік пен сексуалды және репродуктивті денсаулық құқықтарының өзара байланысын, осы тұжырымдамаларды түсіне отырып, олардың балаларын қауіпсіз мінез-құлыққа үйретуге көмектесе алатынын көрсетеді.

WhatsApp Image 2019-10-29 at 16.24.19.jpeg

"Жыныстық сауаттылық деңгейі төмен. Ата-аналардың өзі балаларымен осы тақырыпта сөйлесуге қиналады. Қандай сұрақ қоятыныңды білмесең, интернеттен сапалы ақпарат табу қиын. Жүргізген сауалнамадан адамдардың жартысына жуығы қажет ақпаратты таба алмағанын анықтадық. Сол себепті осы тақырыпты қамтитын қазақ және орыс тіліндегі uyatemes.kz деген сайтты әзірледік. Елімізде бұл тақырыпта айтуға болмайды, ұят болады дейді. Мектепте жыныстық сауаттылық мәселесін көтеру бұл ерте жыныстық қатынасқа түсуді насихаттайды деген стереотип бар. Халықаралық тәжірибе бойынша, жастар неғұрлым ақпараттанса, соғұрлым сексуалдық өмірді кеш бастайды", - дейді жоба авторы Қарлығаш Қабатова.

Оның сөзінше, сайт қолданушылары қойған сауалдардың көп бөлігі қазақ тілінде. Сайт қолданушыларының 70%-ы – 18-34 жастағы не жастар, не ата-аналар, 18-ден жастан төмен жасөспірімдер саны – 6%. 

Психолог, балалардың жыныстық сауатын ашу жөніндегі консультант Әсел Шаназарова ата-аналарға арналған оқыту бағдарламасын әзірлеген. Ол жобаға қатысатын ата-аналарға сексуалдық және репродуктивтік денсаулық құқықтары мен гендерлік теңдіктің өзара байланысын балаларға қалай түсіндіру керек екенін үйретеді.

"2016 жылдан бері жыныстық сауат ашумен айналысамын. Үш балам бар. Олар қойған сұрақтарға жауап беру қиын. Мәселе балада емес, өзімде екенін түсіндім. Ең алдымен өзіңнің жыныстық қатынас туралы біліміңді жинақтап, содан кейін баламен жұмыс істеуің керек деп ойладым. Алғашында бұл коммерциялық жоба болды. Ата-аналар тобын жинау өте қиын. Тақырып маңызды, өзекті болса да, бірақ ата-аналар бұған дайын емес. "Жыныстық қатынас туралы білмейді дейсіз бе, одан да топқа баламды алыңыз" дегендер болды. Содан жасөспірімдер тобын жинаймыз деп шештік. Мектептерге барып дәрістер оқитын болдық. Кейіннен осы тақырыпқа дайын ата-аналармен жұмыс істей бастадым. Бірі 1-сынып оқитын баласының порно көргенін, бірі мұғалімнен "секс деген не?" деп сұрағанын айтып келді. Менің міндетім ата-ана баласының жыныстық сауатын ашуда үрейін, қорқынышын басу, тыныштандыру болды", - дейді психолог.
Ол былтыр 10-17 жас аралығындағы 50 жуық балаға 10 сабақтан тұратын курс жүргізген. Психологтың пікірінше, бұл тақырыпта біреумен сөйлесу үшін алдымен өзіңнің осы мәселеге қалай қарайтыныңды біліп, өзіңмен жұмыс істеуің керек.  
"Баланың кез келген жасында бұл тақырыпқа деген қызығушылығының болуы қалыпты жайт. Қыз бен ұлдың қандай айырмашылығы барын түсінуге тырысу қалыпты нәрсе. Ерте жастан жыныстық органдарды дұрыс айтуды үйрету керек. Өскен сайын балалардың сұрақтары тереңдеп, нақты бола бастайды. Ата-ана жасына қарай түсінікті тілмен жауап беруі тиіс. Балаға дауыс көтермей байсалды қабылдап, жыныстық сауат ашуда баласына көмектесе алады", - дейді Шаназарова.  
Tandau Foundation басшысы Ирра Бобкова қазақстандықтардың жыныстық сауаттылық деңгейіне қатысты жағдай жақсарып келе жатқанын, алайда әлі де болсын жұмыстар атқару керек екенін айтты. Оның сөзінше, төрт айға созылатын ата-аналарға арналған онлайн курс пен ата-аналар арасындағы дәрістер бір-бірімен байланыс орнатып, мәселелерді талқылауды көздейді. 
"Қазір баланың өміріне, оның қауіпсіздігіне көңіл бөлеміз. Бұрындары ата-анамыз "үлкендерге көмектесіңдер" деп үйретсе, қазір "үлкендер көмек сұраса "жоқ" деп жылы жауап бер дейміз. Балалар кімге сенетінін, бөгде адамдарға еріп кетуге болмайтынын білмейді. Біз мұны балаға айтпаймыз, не олар ата-анасына сенбейді", - дейді психолог. 
Оның сөзінше, әйелдердің репродуктивті құқықтарын реттейтін бірқатар халықаралық құжаттар бар. Соның бірі әйелдерге қатысты дискриминацияны жою бойынша Пекин декларациясына Қазақстан қосылған. Ол жерде жасөспірімдерге білім беру, репродуктивті денсаулық пен құқық мәселесі көтерілген.

Қазақстан мұнымен баяғыда келіссе де, үкімет пен қоғамның басым бөлігі мұны жете түсінбей отыр. Халықаралық міндет деп сексуалдық кешенді білім беру көрсетілген. Оның сөзінше, Декларациядағы репродуктивті денсаулықтың нақты анықтамасына Қазақстанның "Денсаулық кодексіндегі" анықтама сай келмейді. 

Онлайн тренингтен басқа жоба аясында Қазақстанның бірнеше қаласында жария дәрістер, балалармен және жеткіншектермен жұмыс істейтін мамандарға арналған вебинар, жоба қорытындысы бойынша ашық талқылау өткізіледі. Онлайн оқытуға қатысу үшін ата-ана сілтеме арқылы өтінім жібере алады. 

Тренингке қатысушылар саны шектеулі. Тренинг 5 сабақтан тұрады және екі апта бойы кешкі уақытта орыс тілінде өтеді. Өтінім берушілердің жеке мәліметі ешқайда жарияланбайды. Жобаға қатысу – тегін.

Өзгелердің жаңалығы