Жыңғылдылық қария ағаштан бұйым жасайды

20 Қазан 2021, 22:16
2496
Бөлісу:
Жыңғылдылық қария ағаштан бұйым жасайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жыңғылдылық шебер жетпіске қараған шағында тастан ою ойып,ағаштан түрлі бұйым жасайды. Бұл туралы Маңғыстау ауданының баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық өнердің тылсым сырларын жетік меңгерген Жаңаша Қылышбаев  бесік, сандық, тұрмысқа қажетті дүниелерді дайындап жүр. Ол бұйымдарды жасауға жөке, қарағай, қайың ағашын қолданады. Өзі таңдап жүріп сатып алады. Қарағайдан көбіне бесік пен сандық дайындайды. Ал балта, күректің сабын қайыңнан жасайды. Осылайша шебердің қолынан бір айда шамамен 10 шақты дүние шығады. Оның жартысынан көбі бесік.

Қазір ауыл тұрғындарынан ұршыққа, ағаш үйдің есіктері мен уықтарына тапсырыс көптеп түсе бастаған. Яғни, киіз үйді де жаңартады. Қалдық материалдарды қоқысқа тастамай, пайдаға жаратуға тырысады. Ағаштан түйін түйіп, ерекше дүниені дайындау шыдамдылықты, төзімділікті талап етеді. Өнерге бала кезімнен жақынмын. Қазір бос уақытымды текке өткізбей, ойымдағы бұйымдарды жүзеге асырамын, - деді шебер Жаңаша Қылышбаев.

Қария тәжірибесімен бөлісіп, жастарға да бұйым жасауды үйретуді әдетке айналдырған. Бар мақсаты - қазақтың ұлттық өнерін өрістету. Жаңаша Қылышбаев тек ағаш шебері емес, қылқалам шебері де. Көбіне портрет салғанды ұнатады. Цементтен де адамдардың мүсінін дайындайды. Алдағы уақытта өзі жасаған туындылардан көрме ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Өзгелердің жаңалығы