Бас жаңалықтар
Жыл соңына дейін 55 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі
21 Қазан 2020, 09:52 204

Жыл соңына дейін 55 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріледі

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында баспана мәселесін шешу бағытындағы жұмыстар мықтап қолға алынған. «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары аясында осы мақсатта қыруар қаржы да бөлінген. 

Салаға жауапты мамандардың айтуынша, ендігі міндет – қаражаттың уақытылы игерілуі мен құрылыс сапасын бақылауда ұстау. Аймақта аталған қос бағдарламаны жүзеге асыру үшін 30 миллиард теңгеге жуық қаражат қаралыпты. 

Биылғы 9 айдың  қорытындысы бойынша 433 мың шаршы метр, яғни 2597 жеке тұрғын үй және 986 пәтер пайдалануға берілді. Баспаналы болсам деп, кезегін күткен азаматтар саны 32740-ты құрайды. Олардың 71 пайызы Тараз қаласында тіркелген, - деп атап өтті Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Еркінұлы. 

Оның сөзіне қарағанда, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы – 17,5 миллиард теңге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында – 5 миллиард 900 миллион теңге, жатақхана құрылысына 900 миллион теңге бөлінген. Берілген қаражат есебінен ағымдағы жылы 65 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілсе, жыл соңына дейін оның 55-ін пайдалануға беру көзделіп отыр екен. Ал жер телімі кезегінде 124698 азамат тұрған көрінеді. Тараз қаласы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген үйлерде көптеген пәтерлердің сатылмай тұрғаны да рас. Оның себебін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова былай түсіндірді: 

«Былтыр тамыз айында алған 8 көпқабатты үйдің 165 пәтерін, желтоқсан айында қабылдаған 3 көпқабатты үйдің 37 пәтерін қала әкімдігіне қайтарып беруге мәжбүр болдық. Өйткені, жартысында сатып алушылар сапаға наразылық білдірсе, сонымен қатар 5-ші қабаттағы және 1 бөлмелі пәтерлерге сұраныс өте төмен. Сұраныс төмен санаттағы пәтерлер бойынша Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне айырбас механизмін ұсынып отырмыз». 

Ол қазіргі таңда 198 пәтерге келісім-шарт жасалып, қаржыландыруды күтіп отырғандарын жеткізді. Сондай-ақ, «Шаңырақ» пилоттық жобасы аясында жуырда 46 пәтер берілетінін, «Бақытта отбасы» бағдарламасы бойынша 333 отбасы баспаналы болғанын атап өтті. 

«Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысы туралы Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің берген деректері мынадай: 2020 жылы 257,6 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу бойынша 23 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде оның13-і тапсырылып, қалғаны 15-і қарашада аяқталады. 

Ал республикалық маңызы бар «Меркі-Бурылбайтал», «Балқаш-Бурылбайтал», «Күрті-Бурылбайтал», «Ұзынағаш-Отар» жол учаскелерін қайта жаңғырту жобаларына 172,8 миллиард теңге бөлініп, жұмыстар 2021-2022 жылдары межеленуі тиіс. Жол құрылысының сапасын үнемі зерделеп, кемшіліктерді анықтап отырмыз, - деді салаға жауапты басқарма басшысы. 

«Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» Жамбыл облыстық филиалының директоры Мырзахмет Ибрагимов апта сайын аудандарды аралап, жол сапасын жіті назарда ұстайтындықтарын айтады. Филиал өз қызметін көрсету үшін биыл 129 миллион 760 мың теңгеге келісім-шартқа тұрған. Ол Қытайдан келген ауыр жүк көліктері су жаңа жолдарды 1-2 жылға жеткізбей тоздырып жіберетінін мәлімдеп, дабыл қақты. Сонымен бірге қала ішінде су, жылу, кәріз құбырларының жабындысы талапқа сай болмауы салдарынан былтыр салынған жолдарда шөгу байқала бастағанын да жеткізді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Өмірзақ Ерембаевтың сөзіне қарағанда, биыл 262 шақырым республикалық жолға қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Оның 135 шақырымы аяқталса, бір жарым ай уақыттың ішінде тағы 55-60 шақырымның құрылысы мәресіне жетпек. 


Фото: дереккөз
Загрузка...