Жыл нәтижесі: түпкі меже еңсерілді ме?

22 Желтоқсан 2019, 11:15
4379
Бөлісу:
Жыл нәтижесі: түпкі меже еңсерілді ме?
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Басты байлық – ұлт саулығына тікелей жауапты денсаулық сақтау саласындағы биылғы жылдың нәтижесі қандай? Жаңа 2020-ның табалдырығында тұрмыз. Бұл орайда тиісті министрлік түпкі межені еңсере алды ма? Президент жүктеген міндеттер іске асырылды ма? Осы сауалдарға жауап беру үшін қол жеткізген азды-көпті жетістіктерді бағалап, кемшін тұстарды сараласақ. 

Қателесуге құқымыз жоқ

Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты өзінің алғашқы Жолдауында медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге аса мән берген еді.

"Бұл жерде халықтың денсаулығына байланысты, әсіресе, ана мен сәби өліміне қатысты көрсеткіштердің өңірлік теңгерімсіздігі айқын көрінеді. Дегенмен, бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Бірақ әлі де жоғары, сондай-ақ  дамыған елдердің деңгейінен айтарлықтай көп" деп еді президент.

Денсаулық көрсеткіштері жақсарды. Өмір сүру ұзақтығы 73 жастан асты. Жалпы өлім 2 пайызға, ана өлімі 13 пайызға, нәресте өлімі 4 пайызға, туберкулезден өлім саны 41 пайызға төмендеді. Қорытындылай келе "Денсаулық" бағдарламасының негізгі мақсаттары мен міндеттері орындалды деп айтуға болады, - деп премьер-министр Асқар Маминнің алдында есеп берді осыдан екі күн бұрын өткен Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. 
Үкімет басшысы мемлекеттік "Денсаулық" бағдарламасының тиімділігін жоғары бағалады. Бағдарламаны жүзеге асыруға 3 триллион 180 млрд теңге бөлінеді деп жоспарлануда.

Елбасы тапсырмасын орындау барысында денсаулық сақтау шығындарының үлесі жалпы ішкі өнімнің 5%-на жетеді. Ол үшін алты жылда денсаулық саласына жалпы 25,8 триллион теңге жұмсалады.

Дәл осы тұста Елбасының "Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінеді. Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беделіне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауы қажет.Біздің қателесуге құқымыз жоқ" деген тапсырмасы еске түседі.

Өз кезегінде Біртанов 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін нақты іске қосуға дайын екенін мәлімдеді. Арнайы Қор жұмысын бастап кетті. Тыңғылықты жұмыстар атқарылды. Халыққа жан-жақты түсіндірілді. Нәтижесін келер жылдан бастап көре бастаймыз. 

Кодекс төңірегіндегі дау

Еліміздің бас дәргері өзінің Facebook-тегі парақшасында "Халық денсаулығы кодексінің жаңа нұсқасына қарсылық - прогрестен қорқу" деп қыруар шаруаны жоққа шығарғысы келгендерге өз ренішін білдірді.

Ол Кодекске қатысты туындаған сауалдарға жауап беруге дайын екендігін айтты.

WhatsApp Image 2019-12-22 at 08.31.25.jpeg

Бүгін маған WhatsApp желісі арқылы бірнеше хабарлама келді. Қоғамдық белсенділік танытып жүрген азаматтар Халық денсаулығы кодексінің жаңа нұсқасын Парламенттен кері қайтарып алу туралы петицияға қол қоюға шақырыпты. Яғни, олардың биыл күзден бері қарай атқарылған қыруар шаруаны жоққа шығарғысы келеді. Меніңше, мұның астарында прогрестен қорқу немесе дәрігерлер мен пациенттерге берілетін мүмкіндіктердің мәнін жете түсінбеу сынды үлкен мәселе жатыр. Жалпы, біз өзгерістерден қорқамыз, үйренген сүрлеумен жүре бергіміз келеді. Бірақ денсаулық сақтау саласын дамытқымыз келсе өзгеріс жасамай болмайды, - деп жазды әлеуметтік желіде министр.

Министр аталмыш Кодекс бүгінгі қоғамның үздік денсаулық сақтау жүйесіне көшуге деген сұранысына толық жауап береді деген сенімде. 

Жаңа кодексте адам капиталын байытуға және денсаулығын нығайтуға қатысты барлық заңнамалық тетіктер қарастырылған. Жобада медицина саласындағы оқу мен білімде де көп өзгерістер енгізілмек.

Халық үшін барлық нәрсе ескерілген деп нық айтуға болады. Ұлт денсаулығын нығайту, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру,  медициналық технологияларды дамыту, созылмалы аурулардың алдын алу, өмір салтын қалыптастыру және цифрлық технологияны дамыту мен қолжетімді медициналық қызметтерді ұсынуға айрықша басымдық берілген.

Денсаулық паспорты енгізілді

Елімізде медициналық құжаттаманы қағазсыз цифрлық жүйеге көшіру аясында электрондық денсаулық паспорты іске қосылды.

Вице-министр Олжас Әбішевтің сөзіне сүйенсек, электронды денсаулық паспорты бар пациент жайлы ақпараттар медицина қызметкерлеріне де, емделушінің өзіне де қолжетімді болады. Бұл тек цифрландыруды емес, орталықтандыру арқылы мәліметтерді сақтауға, емделуші туралы деректердің дәрігерлерге қолжетімді болуын көздейді. 

Осыған дейін емделушіден барлық мәлеметтерді сұрау үшін дәрігерлер 20 минуттай уақытты жұмсаған болса, электронды денсаулық паспорты арқылы енді тек қана жеке сәйкестендіру нөмірін теру арқылы барлық деректер мен мәліметтерді оңай біле алады, - деді Олжас Әбішев. 

Аталмыш қызмет қазіргі уақытта eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы және ЭЦП көмегінсіз iOS, Android жүйелері үшін мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді.

Орташа жалақы 550 000 теңгеге жетеді

Дәрігерлердің бес жылдан кейінгі нақты жалақысы белгілі болды. Оған сәйкес, 2025 жылда дәрігерлердің орташа жалақысы 550 000 теңгеге жетпек.

Жалақыны арттырып, әлеуметтік қолдауды күшейту, кәсіби жауапкершілікті қорғау арқылы медициналық қызметкерлердің мәртебесін көтеру жоспарланған. 2025 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 2,5 есеге артады және ауылдарды медициналық қызметкерлермен қамтамасыз ету 13 процентке өседі. Клиникалық зерттеулер 2 есеге артады, - деді Біртанов үкіметтің отырысында.

Үкімет 2020-2025 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасының жобасын мақұлдады. Дәл сол құжатта дәрігерлердің жалақысын жарты миллион теңгеге дейін өсіру жоспарланған.

Министрлер тізерлеп отырып курстан өтті

Шұғыл медицина бойынша ұлттық үйлестіру орталығының алғашқы курсынан Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ғылым және білім министрі Асхат Аймағамбетов, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов және елорда әкімі Алтай Көлгінов өтті.

Ола Америка кардиология қауымдастығының базалық жүрек реанимациясы курсына арнайы қатысты.

WhatsApp Image 2019-12-22 at 08.31.25 (1).jpeg

Халықаралық тренингтік орталық құру шұғыл медицина, төтенше жағдайлар қызметі және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің базалық және кеңейтілген реанимациясын сапалы оқытудың сенімді жүйесін құруға мүмкіндік береді, - деді Біртанов өз сөзінде.

277 нәрестенің өлімі жасырылған

Әдеттегідей министрлік Атырау перинаталдық орталығында шыққан жанжалдан кейін республика бойынша арнайы тексеріс жүргізе бастаған еді. Көп ұзамай дәрігерлердің 277 нәрестенің өлімін жасырғаны анықталды. 

Яғни, 277 сәбидің тірі туып, артынан шетінеп кеткені белгілі болды. Алайда тас жүрек ақ халаттылар оларды "өлі туды" деп жазған. Сөйтіп, өздерінің статистикалық көрсеткіштерін жақсартқысы келген екен.

Біз Атырау облысында жүргізілген тексерістен кейін ел бойынша жаппай аудит жүргіздік. Материалдарды тек Маңғыстау облысы ұсынған жоқ. Тексеріс нәтижесінде 277 нәресте өлімін жасырып қалу фактісін анықтадық, - деп министр ашық мәлімдеген еді сенатта өткен үкімет сағатында.

Екпе салдыруға міндетті

Ата-аналар балаларына екпе салдыруға міндетті. Бірақ бас тартса, олар әкімшілік жауапқа тартылмайтын болды. 
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасының нормасына сәйкес, екпе салмаған балалар балабақшаларға кіргізілмейді. "Неге" деген сұрақ туындайды. 

Министрлік мұның себебін "вакцина салмаудың салдарынан бүлдіршіндердің инфекциялық ауруларды жұқтыру фактілері көбейген" деп түсіндіріп отыр.  Бұл жалпы ұлт денсаулығына теріс әсерін тигізеді.

Әкімшілік жауапкершілік бойынша норма енгізілген жоқ. Әріптестердің көбі қарсы болғандықтан, оны кіргізген жоқпыз. Бірақ міндетті екені көрсетілген. Бұл тәжірибе тек біздің елде ғана емес, басқа елдерде де бар, - деп түсіндірді Біртанов.

Ол екпенің қауіпсіздігі өте маңызды екенін де айтып отыр. Сондықтан олар тікелей халықаралық ұйымдармен жұмыс істеп жатыр. 

Қазақстанға бүкіл екпе тек Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келісілген зауыттардан ғана жеткізіледі.

Қағазсыз аурухана

Дәріханалардан препараттарды алу мен рецептілерді жазып беру жолын жеңілдету үшін Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдан бастап барлық өңірге "Қағазсыз аурухана" жүйесін енгізеді.

"Қағазсыз аурухана" электронды жобасы аясында ішкі нарықтағы дәрі-дәрмектің айналымын бақылаудың тиімді шараларының бірі - фармацевтикалық қадағалау жүйесі немесе "сары карта". Бұл жүйе АҚШ пен Еуроодақтың халықаралық дәрежедегі жетекші реттеу органы саналады. Мәселен, осы жылдың 5 айында 18 препаратты кері қайтарып алу және сатылымын тоқтату туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, 43 препараттың 43 атауының жанама әсері болғандықтан олардың сатылымы тоқтатылған.

Дәрі сапасын тексеретін зертхана ашылды

Мұнда елімізге әкелінетін және өзімізде өндірілетін дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігі тексеріледі.

WhatsApp Image 2019-12-22 at 08.31.24.jpeg

Министр Елжан Біртановтың сөзіне сүйенсек, орталықтың ашылуы Қазақстан аумағында контрафактілік немесе жалған медициналық өнімдерді болдырмау мақсатында дәрілік заттардың сапасын бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы