Бас жаңалықтар
Ақтөбеде жыл соңына дейін 40 аула абаттандырылады
26 Қыркүйек 2020, 20:57 88

Ақтөбеде жыл соңына дейін 40 аула абаттандырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қалада атқарылып жатқан бірқатар жобалармен танысты. 

Аймақ басшысы ең алдымен Рысқұлов көшесіндегі көп қабатты үйлердің аулаларында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысты. Атап өтсек, “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында құны 86 млн тг асфальттау жұмыстары, спорт және балалар ойын алаңы, тротуар салынуда. 

30 жылдан астам уақыт ешбір жөндеу көрмеген Рысқұлов көшесінің тұрғындары облыс басшылығына рахмет айтып, алғыстарын жеткізді. Құрылыс жұмыстары қазан айында толық аяқталады. Қала әкімдігі жыл соңына дейін жалпы 40 ауланы абаттандыруды жоспарлап отыр. 

Аралау барысында облыс әкімі триатлон паркінің құрылысын бақылап, Қостанай, Орынбор көшелерінің орташа жөндеуін көрді. "Ақтөбе құрылыс” ЖШС мердігер мекемесі “Сүт зауыты” ауданындағы ұзындығы 8305 метр болатын Зинченко, Жиембаев, Гастелло, Қостанай, Штурманская, Щевченко, Авиационная, Можайская, Маяковская, Ембі көшелеріне орташа жөндеу жүргізуде. Ұзындығы 1975 метр болатын Түркісіб, Гоголь көшелерінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жұмыстар қараша айында аяқталуы тиіс. 

Сонымен қатар, өңір басшысы Орынбор көшесіндегі тротуардың салынуында кеткен кемшіліктерге қатысты ескерту жасады. 

Көшелердің қиылысқан тұстарында жолдардың биіктігі әр түрлі. Көліктердің еркін бұрылуына кедергі келтіреді. Сондай-ақ, тротуарларды соңына жейін жеткізіп төсеу қажет. Мұндай нәрселер кішігірім жұмыстар болып көрінгенімен тұрғындардың наразылығын тудыруы мүмкін, тез арада қалыпқа келтірілетін болсын, - деді Оңдасын Оразалин. 

Сондай-ақ, қаладағы “Глобал- Спецодежда” ЖШС тігін фабрикасы көлемдерін кеңейтті. 2019 жылы кәсіпорын жаңа ғимараттың құрылысын бастаған болатын. Облыс әкімі арнайы киімдер тігумен айналысатын фабриканың ғимаратын аралады. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген кәсіпорын қазан айында іске қосылса 500-ден астам жұмыс орны пайда болады. 

Жұмысқа көп балалы, мүмкіндігі шектеулі әлеуметтік топтағы әйелдер қабылданады. Мұнда жас балалы аналардың алаңсыз жұмыс жасауына да жағдай жасалмақ. Яғни, түрлі үйірмелер ашылып, педагогтар қызметі қарастырылған. Бұдан соң өңір басшысы Нокин тұрғын алабындағы 140 орынға арналған мәдениет үйінің қайта жөндеу жұмыстарымен танысты. 209 млн теңгеге жөндеуі жүріп жатқан мәдениет ошағының құрылысы 2021 жылдың ақпан айында аяқталуы тиіс. Облыс әкімі қала басшысы Асхат Шахаровқа құрылыс жұмыстарының уақытында аяқталуын әрі сапасын бақылауды тапсырды.


Фото: дереккөз
Загрузка...