Жыл басынан бері жануарлар ауруларының 20 ошағы тіркелді – министр

2 Сәуір 2019, 10:51
2816
Бөлісу:
Жыл басынан бері жануарлар ауруларының 20 ошағы тіркелді – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында елдегі эпизоотиялық ахуал мен карантиндік фитосанитариялық жағдай туралы баяндады. 

Республика аумағында 2017 жылы 360 жануардың аса қауіпті ауруларының ошақтары тіркелген. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш 341-ді құраған. Оның ішінде бруцеллез бойынша 2017 жылы – 217, 2018 жылы 180 саламатты емес пункт анықталды. 

«180 саламатты емес пункт ішінде 125-і сауықтырылды және жергілікті атқарушы органдардың шешімімен жабылды, 55 пунктіде ветеринариялық-сауықтыру іс-шаралары жүргізілуде. 2019 жылдың қаңтарынан жануарлар ауруларының 20 ошағы тіркелді», - деді министр. 

Ол 2018 жылы Халықаралық эпизоотиялық бюро тәуелсіз шетелдік сарапшылар миссиясының қорытындысы бойынша 2011-2017 жылдардағы Қазақстанның ветеринариялық қызметін жаңғырту нәтижелерін жоғары бағалағанын атап өтті. Қазақстан 47 позицияның 14-інде өз позициясын жақсартып, 30-ы бойынша жоғары бағасын сақтап қалды, үшеуі бойынша жақсарту жөнінде ұсыныстар алды.

«Ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында: ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің және өңірлік әкімдіктердің 2019-2021 жылдарға арналған ветеринариялық қызметті одан әрі жаңғырту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары, 2019 жылға арналған профилактикалық ветеринариялық іс-шараларды және диагностикалық зерттеулерді жүргізу жөніндегі жоспар әзірленді және бекітілді», - деп айтты Сапархан Омаров.

Өзгелердің жаңалығы