Жыл басынан бері өрттен 8 адам зардап шегіп, 4 адам қайтыс болды

21 Сәуір 2021, 06:50
1096
Бөлісу:
Жыл басынан бері өрттен 8 адам зардап шегіп, 4 адам қайтыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы бірінші тоқсанда төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарға 1 052 рет шықты. Нәтижесінде 138 адам құтқарылып, 196 адам эвакуацияланды. 13 зардап шегушіге медициналық көмек көрсетіліп, 243,9 млн теңге сомадағы материалдық құндылықтар құтқарылған, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлының айтуынша есептік кезеңде 231 өрт тіркелген. Тілсіз жаудан 8 адам зардап шегіп, оның тең жартысы (4 адам) қаза тапты. Өрттен келтірілген материалдық шығын көлемі – 88,8 млн теңге.

Жыл басынан бері  тұрғын үй секторында 101 (барлық өрттердің 43,7%) өрт тіркелген. Одан кейінгі орында – автокөліктер. Мұнда 72 (31,1%) оқыс оқиға болған. Үштікті шаруашылық объектілері тұйықтап тұр. Бұл нысандарда 45 (19,5%) рет қызыл жалын тұтанған. Өрттің негізгі себептері – электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу (131 жағдай немесе 56,7%), жылыту пештерін орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу (58 жағдай немесе 25,1%).

Өрттің 42,5% (101-ден 43-і) жалға алынған үйлерде тіркелген. Жалға алушылардың жиі ауысуы – өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің проблемалық мәселелерінің бірі. Яғни, олар жалға алынған тұрғын үйді өрт қауіпсіздігі шарттарына сай жабдықтауға мүдделі емес.

Көлікте орын алған 72 өрттің 69-ының (96%) себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуы болды. 94% немесе 67 жағдайда көлік құралын пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан. Яғни бұл көліктер жыл сайын техникалық байқаудан өтуге тиіс. Бұл жағдайлар техникалық байқаудан өту кезінде сапаны арттыру және бақылауды күшейту керегін көрсеткендей.

Өзгелердің жаңалығы