Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы жыл басынан бері 6% өсті

26 Маусым 2019, 14:15
1324
Бөлісу:
Зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы жыл басынан бері 6% өсті

Алматы, BAQ.KZ. 2019 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 9,9 трлн теңгені құрап, жыл басынан бері 517 млрд теңгеге немесе 6%-ға өсті. Бұл туралы БЗЖҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Қордың мәліметінше, 2018 жылдың 1 маусымындағы жағдаймен салыстырғанда  бұл сома 1,6 трлн теңгеге немесе 20%-ға ұлғайған. Бұл ретте биылғы жылдың 5 айы ішінде зейнетақы жинақтарының міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан негізгі үлесі 5%-ға немесе 497 млрд теңгеге, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптасқан үлесі 10%-ға немесе 19 млрд теңгеге артқан. 

«Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны соңғы 12 айда 3%-ға немесе 304 мың бірлікке артып, 1 маусымға қарай 10,5 млн бірлікті құрады. Оның 95%-ы (9,9 млн) – міндетті зейнетақы жарналары есебінен ашылған шоттар. Бұлардың ішінде 0,4 млн шоттың иелері – алушылар, яғни, зейнеткерлік жасқа толғандар немесе заңнамада көрсетілген себептерге сәйкес зейнет жасына жетпестен зейнетақы тағайындауға өтініш бергендер», - делінген хабарламада.

Соңғы 5 айы ішінде зейнетақы төлемдері 93,4 млрд теңгені құраған. Оның ішінде жасына байланысты төлемдер – 37,9 млрд теңге, сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар – 25,2 млрд теңге. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде Қордан 92 млрд теңге төленген екен. Оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар – 7 млрд теңгені құраған.  

Ай сайынғы кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы 20 897 теңге, ал ең жоғары сомасы – 514 666 теңге. 

«Жыл басынан бері салымшылар мен алушылардың шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 227 млрд теңгеге жетті. Зейнетақы жинақтарының табыстылығы соңғы 5 ай ішінде – 2,37%, ал инфляция – 2,4% болды. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 1 маусымына қарай активтердің жылдық табыстылығы 10,6%-ы, осы кезеңдегі инфляция 5,3%-ы көрсетті. Яғни, табыстылықтың жылдық көрсеткіші инфляция деңгейінен екі есе жоғары»,-делінген қор таратқан мәліметте. 

Қор өз салымшыларына сапалы қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөліп келеді. Жыл басынан бері кеңселерде және электронды түрде көрсетілген қызметтердің жалпы саны шамамен 8 млн бірлікті құраған. Олардың ішінде 74 мың қызмет – кәсіпорындар мен ұйымдарға және үйлерге барып көрсетілген. Қор кеңселерінде жүзеге асырылған қызметтер саны – шамамен 1,5 млн, ал электрондық форматта – 6,2 млн бірлікке жеткен.   

Ақпарат беру-түсіндіру жұмыстары аясында 13 мыңнан астам көшпелі таныстырылымдық шаралар өткізіліп, оған шамамен 400 мың адам қатысқан. 

Сонымен қатар, кері байланыс арналары арқылы салымшылар мен алушылардың 250 мыңнан астам  өтініші өңделген.




Өзгелердің жаңалығы