Жыл басынан бері 340-тан астам карантин режимін бұзу фактісі анықталған

22 Ақпан 2021, 15:08
1416
Бөлісу:
Жыл басынан бері 340-тан астам карантин режимін бұзу фактісі анықталған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бөлімінің басшысы Азамат Садықов Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында «Елордадағы эпидемиологиялық жағдай және карантин режимінің сақталуы» тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Азамат Садықов қала аумағында карантин шараларының жалғасуына байланысты Полиция департаменті шағын және орта бизнес объектілерінің, сондай-ақ, елорда тұрғындары мен қонақтарының карантин режимін сақтауына қатысты алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. 

Эпидемиологиялық талаптарды бұзатын объектілер – көңіл көтеру орындары, дәмханалар мен мейрамханалар, караокелер, барлар мен сауда орталықтарына ерекше назар аударылады. Учаскелік полиция инспекторлары СЭС мамандары, әкімдік, мобильді топтар қызметкерлерімен бірлескен шаралар өткізіп, карантин режимін бұзушыларды анықтауда. Жыл басынан бері 340-тан астам режим бұзу фактісі анықталған. Атап айтқанда, түнгі клубтар, дәмханалар мен мейрамханалар және компьютерлік клубтарда – 278, шаштараздар, сұлулық салондары мен массаж салондарында – 17, дүкендер, сауда орталықтары мен базарларда – 35 жағдай анықталған, - деді ол.

Оның айтуынша, сотқа 42 мекемеге қатысты 53 құжат жолданды. Материалдар сотта қарастырылуда. Соттық шешімімен, 20-дан астам нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұл объектілердің қызметі тоқтатылды. 

Карантин режимін бұзу фактілерін анықтау жұмыстар жалғасуда. Тұрғындар арасында карантин режимін сақтауға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы