Жыл басталғалы Қызылордада 7 өрт оқиғасы тіркеліп, 28 га орман алқабы өртенді
4 Мамыр, 08:11 428

Жыл басталғалы Қызылордада 7 өрт оқиғасы тіркеліп, 28 га орман алқабы өртенді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Қызылорда облысында 7 өрт оқиғасы тіркеліп, 28 гектарды құрайтын орман алқабы өртенді. Оның үшеуі Жалағаш ауданында тіркелді. Қазір тексеріс жүргізілуде. Келтірілген шығын 55,5 мың теңгені құрады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов хабарлады.

Орын алған жағдайларға байланысты ішкі істер органдарына тиісті құжаттар жолданды. Өрт болған жердің 22 гектары орманды, 5,1 гектары ормансыз алқаптар екені анықталды. Дала өртінің алдын алу және болдырмау мақсатында 9 дана өрт сөндіру көлігі мен 53 тұрақты өрт сөндірушілер қызмет атқарады, - деді басқарма басшысы Бауыржан Шаменов.

Өңірде өрт қауіптілігі аса жоғары 51 754 гектар орманды алқап бар. Бұл – Сырдария өзені жағалауындағы тоғайлық жерлер.

Биыл облыс бойынша дала өртінің алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Орман өртінің негізгі себебі – найзағайдан, күннің күрт ысуынан, темекі тұқылын сөндірмеуінен орын алады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының көктемгі егіске дайындық барысында өрт жайылып кетуі мүмкін, - деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Айбек Жолақанов.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері орманды алқаптарда болатын өрт оқиғаларына жіті бақылау жүргізуде.

Осы жылы болған 7 өрттің біреуі мемлекеттік өрт сөндіру қызметі арқылы сөндірілсе, қалғаны орман шаруашылығының құралдары арқылы жойылды, - деді облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Бақтияр Тұрманов.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...