Бас жаңалықтар
Жүйелі шешім керек. Сарапшы шаруаларға бөлінген субсидияға қатысты пікір білдірді
29 Қыркүйек 2021, 16:05 428

Жүйелі шешім керек. Сарапшы шаруаларға бөлінген субсидияға қатысты пікір білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Үкімет ауыл шаруашылығына тағы субсидия бөлетін болды. Агрария үшін жақсы жаңалықты Премьер-министр Асқар Мамин Ұлттық палатаның VIII съезінде айтты.

«Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев бөлінетін субсидия мөлшері мен мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Ұлттық палата сарапшысы жыл сайын мемлекет ауыл шаруашылығына субсидия үшін шамамен 350 миллиард теңге бөлетінін атап өтті. Оның үстіне мемлекет шаруалардың субсидияға мұқтаж екенін әуелден біледі.

Яғни, бұл субсидияның бір түріне ғана қатысты емес, жалпы алғандағы жағдай. Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдын ала есебіне сүйенсек, сол 350 миллиардқа қоса 71 миллиард теңгеге жуық субсидия бөлінеді. Ауыл шаруашылығы үшін бұл – қуанышты жаңалық. Себебі олар бұл мәселені «Атамекеннің» төралқа төрағасымен кездесуде де көтерді. Жалпы бұл мәселе күн сайын көтеріледі. Сондықтан мемлекет сүт, ет және басқа да нақты өнім түрлерін шығаруда көмектесеміз деп уәде еткен болатын, – деді Ербол Есенеев.

Сарапшы субсидия берілмесе, халық үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбаттап, бағаның өсуіне әкеп соғатынын айтады.

Бұл субсидия инвестициялық шығындар, пайыздық мөлшерлемеге, гербицид, тұқымдар және жалпы тұрғындар үшін, сала үшін әлеуметтік маңызы бар өнімдерге қатысты болды. Бөлінетін қаржы нарықтағы жағдайды тұрақты етуге көмектеседі. Себебі кәсіпкер бұл субсидияны алмаса, сәйкесінше ол мұны тауар бағасына қосады. Сөйтіп тауар қымбаттайды. Ал егер шаруаның шығынын мемлекет жауып берсе, ол бағаны қалпында ұстайды, – деп түсіндірді ол.

Сарапшы көршілес елдердегі мемлекеттің ауыл шаруышылығын қолдау жүйесін де салыстырды. Себебі қазір біз олармен бір экономикалық аймақтамыз. Салыстырмалы түрде елімізде шаруаларды қолдауға бөлінетін қаржы көңілге қонымсыз.

Қазақстан үшін Беларусь, Ресеймен тауар тасымалында шектеу жоқ. Еркін қозғалыс. Бірақ Ресейде мемлекет тарапынан қолдау бізден екі есе, ал Беларусьте төрт есе көп. Міне, бұл бәсекелестікте оларға жол береміз. Мәселен, сүт бізде 40 теңге болса, Беларусьте бұған субсидия беріліп, бірнеше есе арзан болуы мүмкін, – деп салыстырды Ербол Есенеев.

Сондай-ақ, маманның айтуынша, Қазақстан әлі де импортқа тәуелді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің статистикасына қарасақ, ішкі нарықтың 80 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Шындығында олай емес. Себебі жалпылай алғанда 80 пайыз болуы мүмкін, бірақ біз кейбір өнімге келгенде импортқа тәуелдіміз. Мәселен, шұжық өнімдері 40 пайыз, ірімшік, сүзбе 54 пайыз, алма 30 пайыз, шекер-қант 74 пайыз импорт болып келеді. Яғни, міне осындай әлеуметтік маңызы бар тауарларға қатты тәуелдіміз, – деді ол.

Ербол Есенеев мәселені түбегейлі шешу үшін субсидияның қауқары жетпейтінін айтады. Шаруаның техникасы қымбат, ал айтып келмейтін табиғи апаттар шығынға батыруы мүмкін. Сондықтан проблеманы жүйелі түрде шешу керек, ол үшін жаңа механизмдер керек. «Атамекен» бұл мәселені шешу үшін шаруаларға арзан, ұзақмерзімді несиені қолжетімді ету керек деп есептейді.

Негізінен бұл мәселеге басқаша қарау керек. Себебі жай субсидиямен проблеманы жоя алмаймыз. Бұл шығынынң бір бөлігін жабуы мүмкін. Бірақ мәселені түбегейлі шешпейді. Оған жүйелі түрде шешім керек. Мемлекет шаруаларға арзан, ұзақмерзімді несиені қолжетімді ету керек. Өйткені трактор немесе кез келген ауылшаруашылық техникасы 5-10 жылдан кейін ғана ақысын ақтайды. Шаруашылыққа кедергі келтіретін басқа сыртқы факторлар көп. Мысалы, құрғақшылық. Мұндай айтып келмейтін кедергелір баршылық. Ауыл шаруашылығында бизнес жасау қиын. Сондықтан банктер де несие беруге келісе бермейді. Амал жоқ, кәсіпкерлер ақшалай несие алуға барады. Бірақ оның пайызы жоғары, – деп түсіндірді сарапшы.

Сондай-ақ, маман мемлекет қандай көмек көрсетсе де, шаруалар бар жауапкершілік өзіне жүктелетінін ұмытпау керегін атап өтті.

Себебі, Үкімет жыл басында береміз деген субсидияны бере алмай қалса, тығырықтан шығудың жолын өзі табу керек. Ол үшін бюджетін алдын ала жоспарлап, шығынын есептеу маңызды. Субсидия берілмей қалса, картопты 100 теңгеден емес, 120 теңгеден сатамын деп есеп жүргізген абзал. Бәріне дайын болу керек, – деді Ербол Есенеев.

 



Фото: дереккөз
Загрузка...