«Жусан» операциясы. Біз өз азаматтарымыздың қауіпсіздігін қорғайтын боламыз - Президент

1 Маусым 2019, 09:47
2948
Бөлісу:
«Жусан» операциясы. Біз өз азаматтарымыздың қауіпсіздігін қорғайтын боламыз - Президент

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жусан» арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі аяқталғаны туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

"Менің тапсырмам бойынша 28-31 мамырда «Жусан» арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі табысты өтті. Сириядан отандастарымыздың кезекті тобы оралды. Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының жүйелі жұмыстарының және шетелдік серіктестермен тығыз ықпалдастықтың арқасында қақтығыс аймағынан 171 бала шығарылды. Қазақстанға оралған соң, олар оңалту шараларынан өтіп, барлық қажетті көмек алатын арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды" - делінген Президент мәлімдемесінде.

Сонеымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде «Жусан» гуманитарлық операциясының маңыздылығына тоқталды.

«Жусан» гуманитарлық операциясы – ауқымды акция. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды және былтырдан бері жүзеге асырылуда. Кешенді шаралар нәтижесінде қақтығыс аймағынан Отанымызға 357 бала қайтарылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету «Жусан» операциясының басты мақсаты болды. «Жусан» гуманитарлық операциясының қорытындылары мемлекетіміздің өте күрделі міндеттерді тиімді шешуге қабілетті екенін көрсетті. Осы операцияға қатысқан арнайы қызмет өкілдерінің, дипломаттардың, әскерилердің бәріне тапсырылған жауапты миссияны абыроймен орындағаны үшін алғыс білдіремін. Елге оралған отандастар жаңа өмір бастауға, ал балалар бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алды. Біз өз азаматтарымыздың құқықтары мен қауіпсіздігін алдағы уақытта да қорғайтын боламыз" - деді Президенті.

Өзгелердің жаңалығы