Тоқаев "Жусан" операциясы бойынша мәлімдеме жасады

10 Мамыр 2019, 13:58
6704
Бөлісу:
Тоқаев "Жусан" операциясы бойынша мәлімдеме жасады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеме жасады. Бұл туралы Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і – жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция – Тұңғыш Президент –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы болды. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар елімізге қайтарылған азаматтармен оңалту шараларын жүргізді. Оларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді" - делінген Президент мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев қақтығыс ошағынан қайтарылған балалардың мектепке, балабақшаға бара бастағанын айтты.

Қазірдің өзінде аталған жұмыстың оң нәтиже беріп отырғаны туралы айтуға болады. Биыл қаңтар айында елге оралған әйелдер бұрынғы радикалдық өмірінен бас тартты, жұмысқа орналасты, туыстарымен қайта байланыс орнатты. Балалары мектепке, балабақшаға барды. Қақтығыс аймақтарына шыққан Қазақстан азаматтары мұндай ойсыз қадамға террористердің теріс, шын мәнінде, жалған үгіт-насихатының ықпалымен барды. Бүгінде олар жаңа өмір бастау үшін өз еркімен Қазақстанға оралуда. Олардың жасаған қателігі үшін балалары өзге елде қиналып, зардап шекпеуі тиіс. Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ қиын жағдайда қалған азаматтарына қол ұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайды. Гуманитарлық акция жалғаса береді. Біз өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бей-жай қарамаймыз. Аталған гуманитарлық операцияға қатысқан Сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне және шетелдік серіктестерге алғысымды білдіремін" - деді ол өз сөзінде.

 Еске сала кетсек, 6 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара – «Жусан» операциясы нәтижесінде Сириядан 47 Қазақстан азаматы, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылған болатын. 


Өзгелердің жаңалығы