Тәуелсіздік күніне орай түркістандық журналистер баспаналы болды

14 Желтоқсан 2019, 16:51
5104
Бөлісу:
Тәуелсіздік күніне орай түркістандық журналистер баспаналы болды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында ҚР Тәуелсіздік күні кең көлемде аталып өтуде. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев еліміздің ең ұлық мерекесіне арналған салтанатты іс-шарада бірқатар БАҚ өкілдерін марапаттады. 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, республикалық, облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының үздіктеріне ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. 

Сондай-ақ, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей тапсырмасымен киелі шаһарға қоныс аударған өңірдің бірқатар БАҚ басшыларына жаңа пәтер кілттері берілді. Атап айтсақ, "Оңтүстік Қазақстан" газетінің басшысы мен тілшісі, облыстық "Южный Казахстан" газеті мен "Жанубий Қозоғистон" басылымдарының бас редакторлары мен орынбасарлары Түркістан қаласында бой көтерген жаңа мөлтек ауданнан баспаналы болды. 

02.jpg

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов журналистерге пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстап, жаңа баспана иелерін құттықтады. 

Білеуімше, соңғы бірнеше жылда өңіріміздің журналистері облыс басшылығы тарапынан пәтер алмаған. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қолдау көрсетуінің арқасында бүгін жақсы бастама жүзеге асып отыр. Халық пен биліктің арасында алтын көпір болған қаламы жүйрік, ойы ұшқыр БАҚ өкілдерінің орны қашанда ерекше. Алдымызда сан-қырлы міндеттер тұр. Ең бастысы – ішкі бірлікті бекемдеу болса, екіншісі – облыс орталығы Түркістанды түлету. Осы жолда халыққа шынайы әрі обьективті ақпарат жеткізу БАҚ-ның еншісінде, - деді Түркістан қаласында бой көтерген жаңа мөлтек ауданнан баспаналы болған азаматтарды құттықтаған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов. 

05.jpg

Бүгінде Түркістан өңірінде 78 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Оның ішінде 6 телеарна қазақ, орыс және өзбек тілдерінде эфирге шығады. Мемлекеттік және өзге тілдерде 55 газет пен журнал, 2 – радио, 15 – ақпараттық сайт жұмыс істеуде.

Өзгелердің жаңалығы