Журналист Қуандық Шамахайұлы ауруханада қайтыс болды

29 Маусым 2020, 13:35
2028
Бөлісу:
Журналист Қуандық Шамахайұлы ауруханада қайтыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР мәдениет қайраткері, журналист Қуандық Шамахайұлының ауруханада қайтыс болғаны расталды.

29 маусымда таңғы 9-дар шамасында жары Айша Тұрмағанбетова өзінің Facebook-парақшасында "Қуандықты өлтіріпті" деген пост қалдырған болатын. 

Журналистің өзі қайтыс боларынан 4-5 сағат бұрын мынандай жазба қалдырған:

Астанадағы бірінші клиникада КВИ 1-палатада емделіп жатырмын. Кешеден бері дəрігерлер ковид тексеріс жасаймыз десіп жүрген. Шырт ұйқыда жатыр едім сағат 2.00-де дəрігер мен медик жігіт келіп қағазға қол қойдырды да кетті. Сəлден кейін меджігіт келіп аузыма бір ақ дəрі салды да су ішкізді. Менен басқасына бермеген. Не зат десем вирустан сақтайды дейді. Қастандық шығар деп күмəндімін. 3 литр су іштім. Неге маған арнаған? Әрекеттері күмəнді. Ештеңе түсіндірмейді, - деп қалдырған соңғы жазбасында.  

Марқұм Қуандық Шамахайұлының отбасы осы іске қатысты білікті адвокат іздестіріп жатыр.

Нұр-Сұлтанның Денсаулық сақтау басқармасы 59 жастағы Қуандық Шамахайұлының қайтыс болғанын растады.

Айта кетейік, Қуандық Шамахайұлы – Моңғолияда туып-өскен, Ұлан-Батырдағы Моңғолия мемлекеттік университетінде журналистік жоғары білім алған. 

1993 жылы тарихи  отаны - Қазақстанға көшіп келген. Елдегі бірнеше жетекші университеттерде сабақ берген. Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлықтың лауреаты. ҚР мәдениет қайраткері. 

Бір топ монғол сатиригінің туындыларын қазақшаға тәржімалап, Баян-Өлгийде жеке кітап етіп бастырған. 

Журналистика туралы 10 шақты кітаптың, ғылыми-танымдық, публицистикалық мақалалардың, 100-ден астам сықақ әңгіменің, әдеби-көркем аудармалар мен сын зерттеулердің авторы.

Өзгелердің жаңалығы