Бас жаңалықтар
ШҚО-да құнарлы егіс алқаптарының көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде
23 Сәуiр 2019, 17:52 296

ШҚО-да құнарлы егіс алқаптарының көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Шығыс Қазақстанда себілетін астық дақылдарының 88%-ы сапасы жоғары бидай болмақ. Бұл жөнінде облыс әкімдігі отырысында көктемгі егіс науқанына даярлық барысын хабарлаған облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақұпбаев мәлімдеді.

«Биылғы жылы Шығыс Қазақстандағы егіс алқабы 1 миллион 401 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылғы көлемнен 82,5 мың гектарға артық. Жалпы, аталған егіс алқаптарының 597 мың гектарына астық және бұршақ дақылдары егілсе, 443 мың гектарға май дақылдары, 324 мың гектар алқапқа мал азығы дақылдары, 23 мың гектарға картоп, 15 мың гектар алқапқа көкөністер егілмек», - деді Асқар Шәкенұлы облыс әкімдігі отырысында.

Басқарма басшысының хабарлауынша, өңірдегі егіс алқаптарының әр гектарына 26,5 келі тыңайтқыш қолданылмақ. Ал бұл көрсеткіш республика бойынша әр гектарына 13 келіден келетін көрінеді. Демек, Шығыс Қазақстан облысы бұл көрсеткішті екі есеге ұлғайтқан.

«Құнарлы егіс алқаптарының көлемін ұлғайту мақсатында 2019 жылы 34,5 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 30 мың тоннасына көктемгі егіс науқанын жүргізуге байланысты келісімшарттар жасалып қойса, қалған төрт жарым мың тоннасы күзгі маусымға қалдырылды», - деп қосты облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақұпбаев.  



Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық