Жұмыссыздық бойынша төлем алу үшін білуіңіз қажет 8 қадам

26 Қыркүйек 2021, 16:45
4982
Бөлісу:
Жұмыссыздық бойынша төлем алу үшін білуіңіз қажет 8 қадам
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. EGov-тан бөлек, Enbek.kz порталы арқылы да әлеуметтік төлемдер тағайындалатынын бірі білсе, бірі білмейді. Әсіресе жұмыссыз қалып, күнкөріс көзінен айырылған адамдардың әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндігі бар. Ол үшін не істеу керек? Қайда бару керек? Бұл сауалдарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік қызметтерді талдау және дамыту департаментінің директоры Анар Төлеубаева жауап берді.

Оның сөзінше, 2020 жылдың қараша айынан бастап еліміздің облыс орталықтары және республикалық маңыздағы қалалар (барлығы 17 қала) тұрғындары үшін әлеуметтік-еңбек саласының жұмыспен қамту бағытына қатысты бірқатар мемлекеттік қызметін Enbek.kz порталы, яғни «Электронды еңбек биржасы» (ЭЕБ) арқылы көрсету мүмкіндігі іске асырылды.

Бұл пилоттық жобаға 2021 жылдың қаңтар айында облыстық маңыздағы тағы 23 қала қосылған болса, биылғы жылдың мамыр айынан бастап пилоттық жоба еліміздің барлық аумағының тұрғындары үшін қолжетімді болды. Қазір ЭЕБ арқылы 4 мемлекеттік қызмет бойынша («Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу», «Жұмыссыздарды тіркеу», «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға жолдама беру», «Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау») биылғы жылдың 1 тамызына барлығы 213 765 қызмет көрсетілді, - дейді Анар Төлеубаева.
Сонымен жұмысыңыздан айырылып қалған жағдайда қайда жүгіну керек? Сіздерге жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем алудың жолын ұсынамыз.

1. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алу үшін жұмыссыз қалған тұлға, ең алдымен ЭЕБ-да пайдаланушы ретінде өзінің логинімен тіркелуі қажет;

2. Содан кейін ЭЕБ-да «Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу» мемлекеттік қызметіне өтініш тапсырады;

3. ЭЕБ өтініш берушінің жеке сәйкестендіру нөмірінің (ЖСН) негізінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне (бұдан әрі – МО АЖ) өтініш беруші туралы қажетті сұраныстарды жолдайды;

4. Сұранысқа сәйкес МО АЖ-нен қажетті ақпаратты алған соң, ЭЕБ өтініш берушіні автоматты түрде жұмыс іздеуші тұлға ретінде тіркеуге алады;

5. ЭЕБ өтініш берушіні тіркеген күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде өтініш берушінің мәліметтеріне (білімі, тәжірибесі, еңбек өтілі т.б.) сәйкес лайықты жұмысты (бос жұмыс орнын) таңдайды және ақпаратты жұмыс іздеушінің ЭЕБ-дағы «жеке кабинетіне» жолдайды;

6. Өз кезегінде жұмыс іздеуші өзінің «жеке кабинетін» тұрақты қарап, ұсынылған ақпаратқа кері байланыс беріп отыруы қажет.

7. Егер жұмыс іздеуші ұсынылған бос орындарға жұмысқа орналаспаған жағдайда 2 (екі) жұмыс күнінен соң, ЭЕБ ол адамды автоматты түрде жұмысcыз ретінде тіркеуге алады.

8. Сонан соң жұмыссыз ретінде тіркелген тұлға, егер оның Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдары болған жағдайда «Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындау» мемлекеттік қызметіне өтініш жасай алады.

Көріп тұрғандарыңыздай, бұл қызмет түрі де цифрландырылған. Жұмысынан айырылып қалған кез келген адам осы қызметті пайдаланып, жұмыс іздей алады. Ал лайықты жұмыс табылмаған кезде әлеуметтік төлемге қол жеткізе алады.

Өзгелердің жаңалығы