Жұмыс берушілер тарапынан заңға қайшы фактілер жиі анықталады

30 Сәуір 2021, 11:01
1791
Бөлісу:
Жұмыс берушілер тарапынан заңға қайшы фактілер жиі анықталады
Сұхбат
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында еңбек заңнамаларының орындалуы, жұмысшылардың құқықтарының қорғалуы бағытында Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекция басқармасының басшысы Әубәкіров Игілік Айдарұлымен сұхбаттастық.

-Пандемия басталғалы жұмыссыздық көбейді. Жұмыс көлемінің аздығынан көптеген компания жұмысшыларын қысқартты. Жеке кәсіпкерлер де қызметкерлерін демалысқа жіберді. Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясына түскен арыздың мөлшері көп пе? Қанша шағым түсті?

  -Пандемия көптеген компанияның жұмыс көлемін қысқартуына әкеліп соқтырғаны көпшілікке мәлім. Осыған байланысты жұмысшылардың да жұмыссыз қалу себептері болды. Алайда жұмыс берушілер тарапынан өз жұмыскерлерін заңға қайшы қысқарту фактілері де анықталды. Биыл Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша, жұмыстан қысқартылған 292 қызметкер тіркелген.

Еңбек инспекция басқармасына жұмыстан заңсыз қысқарту бойынша 22 арыз түсті. Тексеру нәтижесімен тек 1 арыз жұмыстан заңсыз қысқартылғаны анықталып, әрі қарай азаматтық тәртіпте жұмысқа қайта орналасу туралы сот органына жүгіну туралы нұсқама берілді.

  -Адардардың басым бөлігінің құқықтық сауаттылығы төмен. Әлі де болса еңбек заңнамалары бұзылып жатады. Инспекция осы Еңбек кодексін түсіндіру жұмыстарын қалай жүргізеді?

-Еңбек кодексін түсіндіру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Пандемияға байланысты соңғы жылы еңбек заңнамасын түсіндіру жұмыстары әлеуметтік желілерде, ZOOM мобильдік желісі арқылы тұрақты түрде жарияланып отырады. Сонымен қатар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жоспарға сәйкес еңбек заңнамасына қатысты мақалалар жарияланып және тәкелей эфир арқылы бірнеше сұхбаттар беріліп отырады.

Түсіндірме жұмыстарын жетілдіру мақсатында басқарманың Facebook әлеуметтік желісі және «1302», 8 771 992 72 63 жедел байланыс телефондары іске қосылып тұрғындарға кеңестер беріліп келеді. Қойылатын сұрақтардың көбі еңбек шартына, еңбекақының уақытылы алмауы, жұмыстан заңсыз қысқарту, еңбек демалысын уақтылы бермеуге байланысты қойылады. Жедел желінің көп пайдасы тұрғындардың уақытын үнемдейді және нақты дер кезінде заңды жауаптарын алуға көмегі зор.

  - Жыл басынан бері Атырау облысында көптеген компания жұмысшылары уақтылы еңбекақыларын ала алмағандығын айтып наразылық білдірді. Осы мәселелер шешімін тапты ма?

- Иә, жыл басынан бері 16 кәсіпорынның еңбек ұжымдарында еңбек даулары болды. Оның ішінде 7 мекемеде жалақы берешегі қалыптасқан. 5 кәсіпорында жұмысшыларды жұмыстан қысқарту немесе босату жоспарлануы, 3 мекемеде жалақыны көтеру және 1 мекемеде заңсыз жұмыстан шығару деректері көрсетілген. Жалақы берешегі бар 6 мекемеде тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесімен нақты еңбекақыны өтеу мерзімі көрсетілген тиісті нұсқама берілді және лауазымды тұлғаларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық іс қозғалды.

- Өндірісте жарақат алған жұмысшылардың құқығы тапталып жатады. Атырау мұнайлы, өндірістік аймақ. Мұндай жазатайым оқиғалары болып тұрады. Қанша шағым қаралды? Қандай шешім тауып жатыр?

- Өндірістегі жарақат алған жұмысшылардың құқығы ҚР заңнамасындағы талаптарға сәйкес қорғалады. Әрбір жұмыс беруші өзінің жұмыскерлерімен міндетті жазатайым оқиғалардан сақтандыру келісім шартын жасақтайды. Бүгінгі күнге 19 жазатайым оқиғасы тіркелді, болған оқиғалар бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп арнайы тергеп-тексеру актілері шығарылып, тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданады.

  - Теңіз кен орнында күкіртсутегінің ауаға тарауы жиі болады. Зауыт жұмысшыларының өміріне қауіп төнеді. Осы экологиялық аймақта арнайы өтемақылардың төленуін бақылауға аласыздар ма?

- Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу зияндылық пен қауіптілік дәрежесі бойынша коэффиценттер ескеріле отырып, ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде мөлшері айқындалатын қосымша ақылар белгілеу арқылы белгіленеді.

Сондай-ақ, экологиялық аймақта еңбек қызметін жүзеге асыратын жұмыскерлер үшін қосымша ақылар, еңбек демалысының қосымша күндері беріледі. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстары беріледі. Сондай-ақ, ауыр, зиянды және қауіпті жағдайлардағы еңбегі өндірістік объектілері еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерімен расталған жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстары беріледі.

- Атырау өңірінде шетелтік жұмысшылар көп. Соңғы жылдары шетелдік қарапайым жұмысшының жергілікті дәл сондай мамандық иесінен көбірек жалақы алатындығы туралы дау болып жүр. Осы мәселелер шешімін тауып жатырма?

- ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінгің өтініші бойынша Елбасының тапсырмасына сәйкес шетел жұмыс күштері бар компанияларға тексеру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда еңбекақы айырмашылығы, еңбек жаңдайларының теңсіздігі бойынша 43 компанияға тексеру жүргізу барысында 109 отандық қызметкерлерді кемсіту фактілері анықталды. Сондай-ақ, 167 шетелдіктің мамандығына сәйкес емес қызметпен айналысу фактісі, 114 шетелдіктің атқарып отырған лауазымына білімінің сәйкес еместігі анықталды. Басқарма қажетті тиісті шараларды алып, 24 нұсқама, 264 әкімшілік іс қозғалды, 96,5 млн теңге шамасында айыппұл төленді. Уәкілетті органға 262 шетелдіктің мерзімін ұзартпауға және кері қайтару туралы хат жолданып, 212 шетелдіктердің рұқсат қағаздары кері қайтарылды.   2020 -2021 жылдары наразылық акциялары тіркелген жоқ.

  - Шетелдік жұмысшылардың құқығы қалай қорғалады?

-Қазақстан Республикасына еңбек етуге келген шетелдіктердің еңбек құқықтары заң талаптарына сәйкес қазақтармен тең дәрежеде қорғалады.

  - Әрбір ұжымда жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы алтын көпір болатын - кәсіподақ. Алайда бұл көптеген мекемеде жоқ, Кәсіподақ құру заңдылықтары қалай жүзеге асады?

-Бастауыш кәсіподақ ұйымы кем дегенде 3 жұмысшының ұсынысы бойынша құрыла алады. Ол туралы ҚР «Кәсіподақтар ұйымы туралы» заңында нақты белгіленген. Жергілікті еңбек инспекция басқармасының құзырына ұжымдық шарттарды мониторингтен өткізу жүктелген.

-Сұхбатыңызға рахмет!



Өзгелердің жаңалығы