Ғалымдар жұмыртқа қабығынан сүйек тінін өсірудің жолын тапты

10 Шілде 2019, 22:20
3691
Бөлісу:
Ғалымдар жұмыртқа қабығынан сүйек тінін өсірудің жолын тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Массачусетс университетінің ғалымдары таңқаларлық жаңалық ашты. Олар қарапайым жұмыртқаның қабығынан сүйек тінін өсіріп шығаруды үйренді. Бұл туралы mir24.tv хабарлады.

Доктор, химиялық инженерия доценті Гулден Камчи-Уналдың бастаған ғалымдар тобы жұмыртқа қабығының пайдалы тұстарын зерттеді.

Әзірге зерттеулер егеуқұйрықтарға ғана жасалып, сынақтан өткізілуде. Дегенмен, сынақ нәтижесі таң қалдырады екен: жұмыртқаның үгітілген қабығы мен гельден жасалған қоспа кемірушілердің сүйек жасушаларының қарқынды өсуіне септігін тигізген.

Ғалымдардың сөзінше, бұл технологияны болашақта тіс тінін өсіру үшін де пайдалануға болады.

«Бұл сүйекті қалпына келтіру үшін жұмыртқаның үгітілген қабығы мен гельден жасалған қоспа қолданылып тұрған алғашқы зерттеу. Біз тәжірибе жұмыстарының нәтижелеріне қатты қуандық. Жаңа материалды патенттеп алғымыз келеді», - деді доктор Камчи-Унал. 

Ғалымдар мұндай емдеу әдісі сүйек ауруларына шалдыққан адамдарға зор көмегін тигізеді деген сенімде. 

Сонымен қатар, бұл әдіс трансплантологияда зақымданған сүйекті қалпына келтіру үшін де қолданылуы мүмкін. Ғалымдардың пайымдауынша, олар ойлап тапқан әдіс арқылы қартайып, сүйектері түрлі аурудан немесе жарақаттан зардап шеккен адамдарды емдеуге көмектеседі. 

Өзгелердің жаңалығы