Жүкті әйелдер мұқият бақылауда – дәрігер

24 Наурыз 2021, 16:02
2663
Бөлісу:
Жүкті әйелдер мұқият бақылауда – дәрігер
Сұхбат

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен жылдың наурызынан бүгінгі күнге дейін аймақта 17 028 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Сырқаттанғандардың арасында жүкті әйелдер де бар. Жүктілік кезінде әйелде COVID-19 вирусы анықталса, қандай емдеу әдістері қолданылады, нәрестенің жағдайы қалай болмақ және тағы да басқа сұрақтарға Қарағанды облыстық перинаталды орталығының акушер-гинекологы Жарқын Нүркеева жауап берді. 

Тілші: Жарқын Сыздыққызы, COVID-19 вирусын жұқтырған жүкті және босанған әйелдерді емдеудің басқа сырқаттарды емдеуден айырмашылығы қандай?

Жарқын Сыздыққызы: Жүкті және жаңа босанған әйелдерде коронавирус инфекциясын емдеу аса жоғары жауапкершілікті талап етеді. Пандемия басталғалы коронавирус жұқтырғандарды емдеу хаттамасына бірнеше өзгеріс енгізілді. Жүкті әйелді емдеу кезінде клиникалық хаттамаларда көрсетілмеген кейбір вирусқа қарсы препарат қолданылмайды. Себебі ондай дәрілер әйелге де, әлі дүниеге келмеген балаға да зиянын тигізуі мүмкін. Жалпы әрбір жағдайда сырқаттың ауырлығына байланысты жекелей шешім шығарылады.

Тілші: Коронавируспен ауырған жүкті әйелдердегі аурудың дәрежесіне қарай емдеу әдістері қандай болады?

Жарқын Сыздыққызы: Емдеу шаралары сырқаттың жағдайына байланысты әртүрлі болады. Аурудың жеңіл түрінде жүкті әйел аурухана жатқызылмайды, амбулаториялық емдеу жүргізіледі. Жүкті әйел күн сайынғы температурасын, пульсін, жалпы жағдайын жазып отырады. Дәрігерлер телефон арқылы күнделікті қашықтан бақылау жасайды. Ал денсаулығында басқа да созылмалы сырқаттары бар жүкті әйелдер бұл ауруды қиын өткізуі мүмкін. Мұндай жағдайда сырқат бірден ауруханаға жатқызылып, денсаулығы тексеріліп, емдеу шараларына кіріседі. Жүкті әйелдің температурасы сағат сайын өлшенеді, баланың жүрек соғысы тыңдалады, өкпеге рентген және компьютерлік томография жасалады. Ал емдеуді түзету мультидисциплинарлық консилиумда пульмонологтар мен инфекционистердің қатысуымен шешіледі. Босандыру уақыты мен әдісі тәуекелділікті ескере отырып әр жағдайда жеке қабылданады. Сырқаттың жағдайы нашарлауы орын алса, бала мен ананың өмірін сақтап қалу мақсатында консилиумда жекелей шешім шығарылады. Босанғаннан кейінгі кезеңде компьютерлік томография емделушінің жағдайының жақсарғанын көрсетсе, ана ауруханадан шығарылып, амбулаториялық бақылауға алынады.

Тілші: Жарқын Сыздыққызы, сіз коронавируспен сырқаттанған жүкті әйелдермен жұмыс істедіңіз бе?

Жарқын Сыздыққызы: Вирустың бірінші толқыны кезеңінде COVID-19 жұқтырған жүкті әйелдермен күн сайын жұмыс істедік. Олар аурухананың «қызыл зона» аталатын жеке бөлігінде болды. Олардың жағдайын бақылауда ұстап, күн сайын кейбір әйелді жансақтау бөліміне жатқыздық, кейбіреуін үйге жібердік.

Тілші: Коронавирус инфекциясымен сырқаттанғандар арасында ауыр жағдайлар қаншалықты жиі кездесті?

Жарқын Сыздыққызы: Вирус жұқтырғандардың 20-30 пайызының жағдайы ауыр болды. Өкінішке қарай, өлім жағдайы да кездесті. Дегенменде медицина мамандарының топтық жұмысының нәтижесінде жазылып шыққан әйелдер көп болды. Сырқатынан айыққан әйелдер әлі де болса, біздің бақылауымызда, олардың жағдайы жақсы.

Тілші: Анасында вирус жұқтырудың ауыр жағдайы болғанда, жаңа туған нәрестенің денсаулығына қандай да бір әсері болды ма?

Жарқын Сыздыққызы: Егер де вирус жұқтырған жүкті әйелдің созылмалы сырқаттарының қосарласуы салдарынан жағдайы ауыр болса, сәбилерде тұншығудың әртүрлі деңгейлері байқалды. Ондай жағдайда нәрестелер балалар патологиясы бөлімінде бақылауда болды. Ал егер де мерзімінен бұрын босану орын алған болса, балалар жансақтау бөлімінде емделді.

Тілші: COVID-19-бен сырқаттанған анадан вирустың балаға жұғу жағдайы кездесті ме?

Жарқын Сыздыққызы: Жаңа туған балалардың барлығынан бірден ПТР тест алынады. Осы уақытқа дейін бала іште жатқанда, анадан балаға жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ.

Тілші: Вирус жұқтырған әйел босанғаннан кейін бала анадан оқшауландырыла ма?

Жарқын Сыздыққызы: Қазіргі уақытта вирус жұқтырған ана мен оның баласының перзентханада болу көрсеткіші қайта қарастырылған. Ананы баладан ешкім де еркінен тыс айыра алмайды. Әйелдің ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен болса, босанудан кейін баламен бірге болуына, сондай-ақ сәбиін нәрестелер бөліміне оқшаулауына да болады. Шешімді ана қабылдайды. Дегенменде әйелдердің көпшілігі сәбиімен бірге болуды қалайды. Мұндай жағдайда баланы емізу кезінде қауіпсіздік шаралары барынша сақталуы қажет. Ана үнемі бетперде тағып, емізерге дейін және кейін қолын зарарсыздандыру маңызды. Осы уақытқа дейін мұндай жағдайда болған нәрестелер арасында коронавирус сырқатын жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ.

Тілші: Жарқын Сыздыққызы, коронавирус инфекциясын жұқтырған жүкті әйелдер арасында өлім жағдайы кездескенін айттыңыз. Баланың өмірін сақтап қала алдыңыздар ма?

Жарқын Сыздыққызы:Иә, баланың өмірін сақтап қалдық. Қазіргі уақытта сәбидің денсаулығы қалыпты. Емханалық дәрігерлер оның жағдайын тыңғылықты бақылауда ұстап келеді.

Өзгелердің жаңалығы