"Жол активтері ұлттық сапа орталығы" басшысынан екі ұсыныс

14 Қараша 2019, 13:20
11321
Бөлісу:
"Жол активтері ұлттық сапа орталығы" басшысынан екі ұсыныс
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл елімізде "Жол активтері ұлттық сапа орталығы" құрылды. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені жыл сайын мемлекеттік және жергілікті бюджеттен жол құрылысы саласына 700 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Бұл өз кезегінде сала төңірегінде әртүрлі жемқорлық фактісінің тіркелуіне себеп болып отыр. Құрылысқа бөлінген қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені де талай рет әшкере де болып жатты. Дүниежүзілік банк ұйымы сапасыз салынған құрылыс жолдың жарамдылығын 40% төмендетіп отыр деп ақпарат таратқан еді. Осы ретте жаңа құрылған ұйымның басшысы Замир Сағынов мырзамен сұхбаттасқан едік.


Жылына жол салуға 700 млрд теңге қаржы бөлінеді

– Замир Садықұлы, алдымен өзіңіз басқаратын жолдың сапасын тексеретін жаңадан құрылған орталықтың жұмысын таныстырып өтсеңіз?

– Былтырғы жылы ұлттық сапа орталығын құру туралы шешім қабылданды. Ал биыл мамыр айында мемлекеттік тіркеуден өттік. Бізге республикалық маңызы бар жолдардан бөлек, облыстық, аудандық және қала мен ауыл көшелерінің жолдарының да сапасын тексеру құқығы берілді. Еліміз бойынша 17 филиалымызды аштық. Қазіргі кезде 270 адам жұмыс істейді. Бұрын комитет құрамында (ҚР автомобиль жолдары комитеті – авт.) облыстық жол зертханалары болатын. Соның негізінде құрылдық. Қызметкерлеріміздің басым көпшілігі сол жерде істеген мамандар.

ЗАМ.jpg

– Негізгі мақсат-міндеттеріңіз қандай?

– Басты мақсатымыз – жол сапасын тексеру, жолдарға диагностика жасау, орташа жөндеу жұмыстары құжаттарына сараптама жүргізу, жаңа технологияларды енгізу. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде мобилизация жасау да біздің міндетіміз. Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын талапқа сай дайындауды жұмылдыру шараларын жүзеге асырып қана қоймай, жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылаймыз.

Осындай орталық ашу алғаш рет 2009 жылы көтерілген болатын. Сол кезде Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолы бойынша үлкен көлемде қаражат алдық. Дүниежүзілік банк тарапынан орталық ашу жайлы ұсыныс берілді.

– Жылына жол құрылысына қанша қаражат бөлінеді?

– Жалпы жолға 700 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Бұл бір жылға арналған. Яғни республикалық, жергілікті бюджеттен және қаржы институттарын қосқанда 711 млрд теңге осы салаға жұмсалады. Мұның бәрін бір ортақ базаға келтіруіміз керек. Басты мақсатымыз осы болып отыр. Электрондық цифрландыру арқылы өзіміздің серверді құрдық. Сол жүйеде қай жылдары қандай жол жөнделді? Оның сапасы қандай? деген сұрақтарға жауап табуға болады. Бұл автомобиль жолдары комитеті арқылы жүзеге асып жатыр. Келесі жылы күзде пайдалануға берілуі тиіс. Енді жылда бір жолды жөндей беруді тоқтататын боламыз. Өйткені тұтынушылар тарапынан көптеген реніштер айтылады, "осы айналып келіп бір жолды жөндей береді, басқа жолдар ескерусіз қалып жатыр" деген сөздерді жиі естиміз.

Осы ретте әрбір әкімдікпен келісімшартқа отыруымыз қажет. Олар біздерге тапсырма беріп тұруы тиіс. Ал біз өз кезегімізде сол өңірдің жол сапасын тексеретін боламыз. Қай мердігер дұрыс жұмыс істемей жатқанын анықтаймыз.

ЗАМ1.jpg

– Алғашқы нәтижелерге тоқталып өте аласыз ба?

– Жалпы 10 мыңнан астам тексеру жүргіздік, сынама үлгілерін алдық. Оның ішінде 4500-і стандартқа сай емес. Көбісі жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға салынған жолдар. Себебі жергілікті жолдар дұрыс тексерілмеген. Біз бәрін бір жылдың ішінде дұрыстай аламыз деп айта алмаймын. Өйткені әбден қордаланып қалған мәселелер жетеді. Қағаз жүргізу мәселесі бар, әрбір салынған қабаттан кейін ол хаттамаға түсуі тиіс. Инженер стандартқа сай екенін тексеріп, рұқсат бергеннен кейін екіншісі салынады. Ал жергілікті жолдарды салу кезінде мұндай қағаз жұмыстары жүгізілмеген. Тексеріс кезінде осыны байқадық.

– Сонда осы уақытқа дейін жолдар тексерілмеген бе?

– Мүлдем тексерілмеген деп айтуға келмейді. Әкімшілік өздері тексереді, кейбір жерлерде кешірім де жасаған шығар. Оны көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң, нақты айта алмаймын. Қазіргі таңда, мысалы өзіміздің тұратын Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі өз жолдарына кіргізгісі келмейді. Соны түсіне алмаймын. Кемшілігін табады деп қорқа ма? Хат жазып, ұсыныстарымызды бердік. Біз өз қаражатымызға барып тексереміз ғой.

ЖОЛ12.jpg


Ауыр жүк тиелген көліктерге тыйым салу керек

– Әлеуметтік желіде Еуропа жолдарының суретін салып, тамсанып отыратындар бар. Қазақстанда неліктен осы жолдар ұзаққа шыдас бермейді? Осының сыры неде?

– Бірінші мәселе – тек сапада емес. Әрбір мемлекет, әрбір қоғам өзінің жолдарын күтіп ұстайды. Оны бұзылуға дейін жеткізе қоймайды. Жолдарда 14 тоннадан асатын жүк камаздары жүрмеуі тиіс. Ал бізде Қытайдың 30 тонна, тіпті 60 тонналық камаздары қаптап жүр. Менің айтып отырғаным, өндірістік карьерлердің камаздары. Олар жалпы халық пайдаланатын жолға шықпауы керек. Осындай елімізде 80 мың машина бар. Жолдардың 90 пайызын бұзатын сол камаздар. Сондай-ақ, сапа нашар, дұрыс материалдарды пайдаланбаймыз, ауа райының қолайсыздығы тағы бар. Бұл факторлардың барлығы жолдардың тез бұзылуына әкеліп соқтырады. Бірақ негізгі бұзатын ауыр жүк машиналары. Оларды тоқтатпай, Қазақстанның жолдарын ешқашан түзей алмаймыз. Қанша қаражат жұмсасақ та, одан ештеңе өзгермейді. Өйткені мұндай камаздар жүрген жолдар 3 жылдан әріге бармайды. Саламыз, қайта бұзып тастаймыз.

– Бұл машиналар сонда қай жолмен жүруі керек?

– Карьердің ішінде жүру керек. Ал мысалы, көмірді тасу үшін 14-15 тонналық камаздарды пайдалануларына болады. Швейцарияда ауыр жүк машиналарын жалпы халық пайдаланатын жолдарға кіргізбейді. Олар шекараға тауар келгенде ішке 5-6 тонналық газельдермен тасиды.

Транспорттық бақылау деген бар, сол жүйені де қайта қарау керек деп ойлаймын. Жылына 700 млрд теңгеге жол саламыз. Ал жаңағы ауыр жүк көліктеріне рұқсат беруден түсетін қаржы жол салуға кеткен қаржымен салыстыруға келмейді.  Сөйтіп, 700 миллиард босқа кеткендей болады. Себебі қадағалау жоқ. Оларды тоқтатсаң, отбасымызды қалай асыраймыз деп аштық жариялап, көтеріліске шығып кетуге әзір тұрады. Оған халық ереді. Ауыр жүкті көліктерге арнайы жол салуға болады, бірақ ондай қадамға барып жатқан бірде-бірде мемлекет жоқ.

Жолдың ақылы болуы оны күтіп ұстауға пайдалы

– Жол сапасы жөніндегі рейтингтегі жағдайымыз мәз емес. Әлемдегі 140 елдің арасында төменгі сатылардың біріндеміз. Осы рейтингті қандай критерийлер бойынша бағалайды?

– Соңғы шыққан дүниежүзілік экономикалық форум мәліметінің Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексі бойынша, сол жерде 93-орындамыз. Олар рейтингті халықтың арасында сауалнама жүргізу арқылы жасайды. Себебі республика деңгейінде жолдар бір бағытқа келтірілді. Қазір ақсап жатқан жергілікті жолдар. Нұр-Сұлтанның өзін алсақ та, қасындағы Үркер секілді ауылдарда жол жоқ. Оның бәрі рейтингке әсер етеді.

ЖОЛ13.jpg

– Елімізде бірнеше автобан салынып, ақылы жолдар көбейіп жатыр. Бұл мәселені шешуге ықпал ете ме?

– Ақылы жолдарды Қазақстан ойлап тапқан емес. Ең алғаш ақылы болған Астана – Бурабай жолы. Оның концепциясын жасауға үлес қосқандардың қатарында бармыз. Бұл жол басында екі жолақты еді, елордадан Бурабайға 3-4 сағатсыз жету мүмкін емес болды. Жол апаттары көбейіп кетті. Ол кезде жолды күтіп ұстауға 300 миллион теңге қаражат жұмсалып тұрды. Алты жолақты етіп салғанда, күтіп ұстауға 1 млрд теңге керек болды. Ортасында белдеу бар, ол қар ұстайды, тазалау керек дегендей. Енді барлық қаражат тек бір жолды күтіп ұстауға ғана кетіп, басқа жолдарды салу қиындайтын еді. Сол себептен ақылы етуге шешім қабылданды. Бұл ақша кеткен шығынды қайтару үшін емес, сол жолды күтіп ұстауға жұмсалады. Бұл концепция бойынша басқа жолдар да салынып жатыр. "Qaz Avto Jol" деген мекеменің де ашылуы осыған байланысты.

– Жемқорлықтың басында тендер тұр дегенге келісесіз бе?

– Жоқ, қазір олай емес. Бәрі оңай болып кетті. Кім арзан баға ұсынады, сол жеңіп шығады. Қолдарында ештеңесі жоқтардың бағы жанып, сосын барып хабарландыру беріп адамдар жинап жатқандар бар. Төменгі бағамен жеңіп алған соң, арзан материалдар пайдаланады, арасында жеп қалуға да тырысады.

Бұрын тендерге түсетіндерге талаптар күшті болатын: қандай жобаларды бітірді? Осы салада 5 жыл тәжірибесі бар ма? Соның бәріне ұпай қойылатын. Биыл әйтеуір демпинг деп кедергі жасады. Яғни 10%-дан көтеруге, 10%-дан төмен түсіруге болмайды. Сәл жобаға келіп қалды. Мұның да екінші жағы бар. Себебі тәжірибесі көп ірі компаниялар алып алады. Олар сосын әркімге таратып отырады. Бастысы, құрылыс алаңында сол компанияның жалауын қойып, атауын жазсаң жеткілікті. Бірақ жұмыс істеп жатқандар басқалар болып шығады.

Тасмағамбетов кезінде "шипы" жолды бүлдіреді деп күлетіндер бар

– 17 аймақта филиалдарыңыз бар деп айттыңыз. Жыл соңында әр аймақтың рейтингін жасау жоспарда бар ма?

– Бар. Біз қарап отырған жоқпыз. Кеше премьер-министр кездесуде тапсырма берді. Жоғарыда айтып кеткен 711 млрд теңгенің 300 миллиарды жергілікті бюджеттен.

– Бұл аз ба, көп пе?

– Аз. Жолға жылына жалпы ішкі өнімнің 3-5 пайызын бөлу керек. Ал бізде беріп жатқан қаражат 0,5 пайызға да жетпейді. Сол кезде жолдарды бір бағытқа келтіруге болар еді. Қытай 12 жыл бойы 5 пайызбен беріп отырған. Еуропа елдерінде 2-3 пайыз көлемінде. Сосын бізде жол күтімі жоқ. Қар жауды, оны резеңкемен қыру керек. Бізде резеңке жоқ. Шетелде "шипы" дөңгелектерге тыйым салынған. Тек Финляндия ғана рұқсат берген. Жолдың ойылып қалатынының себебі "шипының" кедір-бұдырынан. Тасмағамбетов (Астананың бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетов – авт.) кезінде "шипы" жолды бүлдіреді деп айтқан деп күлетіндер бар. Оның сөзінің жаны бар. Біздің елде кейбіреулер жағдайы болмаса, сол "шипымен" жаз бойы жүріп шығады. Оған айыппұл салу керек.

– Сонда сіздің ұсыныңыз қандай?

– "Шипыға" тыйым салып, "липучкаға" рұқсат беру керек. Ол үшін жолды күтіп ұстауға бөлінетін қаражатты көбейту қажет. Сол кезде жол бойындағы қар дер кезінде тазаланып, қиындық тудырмайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы