Өскеменде «Қауіпсіз мектеп, қауіпсіз ЖОО» жобасы таныстырылды

31 Мамыр 2019, 18:45
2734
Бөлісу:
Өскеменде «Қауіпсіз мектеп, қауіпсіз ЖОО» жобасы таныстырылды
PHOTO
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Жастар жылы» аясында тұрғындардың алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын жетілдіруге бағытталған «Қауіпсіз мектеп, қауіпсіз ЖОО» жобасы таныстырылымында өңірдегі барлық білім ордаларының басшылары мен медбикелері басқосты. 

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ базасында ұйымдастырылған шара «Ақ жүрек» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен және Nur Otan партиясының, облыстық Білім, Ішкі саясат басқармаларының қолдауымен өткізілді.  

Өскеменде «Қауіпсіз мектеп, қауіпсіз ЖОО» жобасы таныстырылды

«Бүгінгі шара білім ордаларында кенеттен болатын өлім жағдайларының алдын алу мақсатында өткізіліп отыр. Бұл жолғы шеберлік сағаты орын алатын жүрек тоқтап қалу жағдайына әр қызметкердің дайын болуын қамтамасыз ету. Жыл сайын орта мектептердегі, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы денешынықтыру және басқа да сабақтарда оқушылар мен студенттердің жүрек тоқтап қалу себебінен көз жұмып жататыны белгілі. Сондықтан оқу орындары қызметкерлерін осындай жағдайда алғашқы медициналық жәрдем көрсетуге дайын болуын қамтамасыз етуіміз керек. Осы мақсатта біз әр білім ордасында нұсқаушы пункттерін ашып, өз есебімізден еріктілерді алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларына дайындамақпыз», - деді Қазақстандағы жалпыға бірдей қолжетімді дефибрилляция «Ақ жүрек» қоғамдық қорының директоры Руслан Масхутов. 

Өскеменде «Қауіпсіз мектеп, қауіпсіз ЖОО» жобасы таныстырылды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде апта сайын әр миллион адамның 30-ы жүрек тоқтауы салдарынан көз жұматын көрінеді. Оның 20%-ы білім ордаларында орын алады. 

«Баласынан айырылу отбасы үшін ең ауыр қасірет. Осы себепті аталмыш мәселеге атүсті қарамай, биліктің назарын аударту мақсатында жұмыстар жүргізудеміз. Денсаулығы жақсы балалар денешынықтыру сабағы немесе жаттығулар кезінде қайтыс болып жатады. Бұл әсіресе 10-нан 18 жас аралығындағы балаларда жиі кездеседі. Өйткені осы аралықта адамның сүйегі өсіп, қан айналымы ұлғаяды. Алайда мұндай жүкті әлі жетіле бермеген жүрек көтере алмай қалуы мүмкін», - деді Руслан Баянұлы.   

Оның айтуынша, жүрек тоқтап қалған жағдайда да адам өмірін «Жедел жәрдем» көлігі келіп жеткенге дейін сақтап қалу мүмкіндігі бар көрінеді. Ол жүрек тоқтауы салдарынан құлаған адамға алғашқы медициналық көмекті сапалы әрі дер уақытында көрсету оның өмірін сақтап қалатынын айтады.  

«Жүрек тоқтап қалған кезде адамды өлді деп санауға болмайды. Жедел жәрдем ең тез дегенде он минутта жетеді. Ал адамның миында қан айналымы болмаса екі минутта ми қабығы өледі. Сондықтан бұл жерде жүрекке дұрыс массаж істей білу керек. Сондай-ақ әр білім ордасында автоматты дефибриллятор болуы қажет. Біз мектепке сабақ оқуға кеткен әр баланың үйіне аман-есен оралуын қамтамасыз етуіміз керек», - деп қосты Руслан Масхутов.   

Шеберлік сағаты барысында қатысушыларға жүрекке массаж жасау, автоматты дефибриллияторды қолдану, құлаған адамды дұрыс жатқызу және тасымалдау әдістері көрсетілді.   

Қоса кетсек, «Ақ жүрек» қоғамдық қоры Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрілігінің бас кардиологының қолдауымен 2015 жылдан бері елімізде әлеуметтік маңызы бар «Әр секунд есепте» атты барлығына бірдей қолжетімді дефибрилляция жобасын іске асыруда. Аталмыш жоба жұмыс және қоғамдық орындарда барлығына бірдей қолжетімді автоматты дефибриллиятор орнату арқылы алғашқы көмек көрсетуге және қауіпсіз жағдайды қалыптастыруға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы