Жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген мектептің жай-күйі

16 Мамыр 2019, 18:05
4786
Бөлісу:
Жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген мектептің жай-күйі
PHOTO
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысы Шортанды ауданы Бозайғыр ауылындағы орта мектептің директоры Мәлік Жұманов 1970 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген ауылдағы жалғыз мектептің қазіргі ахуалымен таныстырды.

«Біздің мектебіміз 373 орынға арналған, қазіргі таңда 610 оқушы білім алып жатыр. Мектебіміз аралас, қазақша және орысша тілдерде оқытамыз. 18 кабинетте жалпы 32 сынып оқиды. Қазір балалар екі ауысымда оқып жүр, негізі ауылымызда бала саны көбейіп жатқандықтан, мектепке сыймай жатыр. Балаларға қосымша үйірмелер мен секциялар өткізуге кабинет саны жетіспейді, бос кабинет мүлдем жоқ», - деді Мәлік Жұманов.

Жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген мектептің жай-күйі

Оның сөзінше, жаңа мектеп салу жоспарда бар. Оның құжаттары дайындалып, министрлікке берілген. Ендігі мәселе – жобалық-сметалық құжаттамаға ақшаның бөлінуі.

Жаңа мектептің салынуы ауылға өте қажет. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде жатқан, яғни қаладан 30 шақырым қашықтықта орналасқан ауылға көшіп келіп жатқан адамдар өте көп. Алдағы үш жылда 250 оқушы 1-сыныпқа қабылданады екен.

Жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген мектептің жай-күйі

«Мектебіміз ескі, 1970 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Биыл осы жазда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, соған бюджеттен 164 млн теңге бөлінді. Қазір сонымен айналысатын құрылыс компаниялары арасында конкурс өтіп жатыр», - деп атап өтті мектеп директоры.

Жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген мектептің жай-күйі

Мәлік Асқарұлы берген мәліметке сәйкес, ауылдағы жалғыз мектепте 70 адам жұмыс істейді, оның 55-і мұғалім, 57%-ы жоғары І санатты ұстаздар болса, қалғандары ІІ санатты, 85% жоғары білімі бар мұғалімдер қызмет етеді. Қазіргі жаңартылған бағдарлама бойынша 60%, яғни 33 мұғалім курстан өткен, 7-еуі қазір өтіп жатыр.

«Биыл қазақ сыныбындағы 12 оқушы 11-сыныпты бітіріп жатыр, ал орыс сыныбынан биыл бітірушілер жоқ. Бітіруші түлектеріміздің 12-сі де Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады, қазір олар дайындалып жүр. Былтыр мектеп бітірген 20 түлектің барлығы ҰБТ-дағы шекті 50 балдан жоғары жинады, ал ең жоғарғы балл 110 болды. Олардың 10-ы мемлекеттік грантқа ие болды», - деп баяндады Мәлік Жұманов.

Осы орайда ол «Түлектердің мектеп бітіру кешіне ата-аналар ақша жинап жатыр ма?» деген сұрағымызға жауап берді.

«Бізде мектеп бітіру кешіне мүлдем ақша жиналмайды. Жыл сайын мектеп бітіру кеші мектепте өтеді. Биыл да бітіру кеші дәл солай мектебімізде түлектер мен олардың ата-аналарының, мұғалімдердің қатысуымен өтеді. Алдымен аттестас табыстау шарасы бар, одан соң мұғалімдер мен учаскелік полицейлердің кезекшілігімен серуендейді, саябақ пен көл жағасына барады. Осылайша, таңғы сағат 5-ке дейін іс-шараны өткіземіз», - деді Бозайғыр орта мектебінің басшысы.

Айта кетейік, 15 мамырда ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы өтті. ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшідинова Ақмола облысы Шортанды ауданындағы Бозайғыр ауылының орта мектебінде өткен ата-аналар жиналысына қатысты. 

Жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген мектептің жай-күйі

Ата-аналар балалардың тамақтануы, мектеп формасына, жаз мезгіліндегі қауіпсіздікке қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.

Өзгелердің жаңалығы