Бас жаңалықтар
Жолдауда отандық ғылымда қордаланған күрделі мәселелер оң шешімін тапты – Зиябек Қабылдинов
04 Қыркүйек 2021, 14:16 310

Жолдауда отандық ғылымда қордаланған күрделі мәселелер оң шешімін тапты – Зиябек Қабылдинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов Мемлекет басшысы Жолдауына қатысты Facebook парақшасында пікір білдірді. 

Президент Қ.Ж.Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында «ғылымды дамыту біздің аса маңызды басымдығымыз» деген болатын. Сонымен қатар отандық ғылымның кейбір түйткілді мәселелерін ашып айтып, оның тиімді шешу жолдарын елге ұсынды. Ғылым саласындағы күрделі мәселелерді шешу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу керектігін де айтты. Осы орайда ғылыми мекеменің басшысы және тарихшы-ғалым ретінде Президенттің ғылым саласындағы ұсыныстарын толық қолдайтынымды айта отырып, осыған қатысты пікір білдіруді жөн көрдім. Мынау жәй ғана ФКтағы «кезекті» пост емес. Біз осы президентіміздің оң шешімін он жылдан астам күткен болатынбыз. Сондықтан қуанышымыз – шексіз! –деді Зиябек Қабылдинов.
Мемлекет басшысы «Ең алдымен жетекші ғалымдарымызға өз еңбегіне лайықты және тұрақты жалақы төлеу мәселесін шешуіміз керек» дей келе, бұны ғылымға бөлінетін базалық қаржыландыру есебінен шешу керектігін атап көрсеткен.
Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымда шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірін дөп басып айта алды. Бұл күттірмейтін маңызды ұсыныстың бірі екенін біз түсінуіміз керек. Мысалы, қазіргі таңда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Досмұхамед Кшібеков, Оразақ Смағұлов, Болат Көмеков секілді елге, әлемге танымал 3 академик, сонымен қатар, Қайдар Сейсембайұлы Алдажұманов, Мұрат Жеткергенұлы Әбдіров, Серік Ескендірұлы Әжіғали, Жұлдызбек Бекмұхамедұлы Абылхожин, Саин Молдағалиұлы Борбасов секілді тағы да басқа танымал тарихшы ғалымдар қызмет етеді. Зерттеуші-ғалымдарымыздың жобалары гранттық қаржыландыруға ілінбей қалып жатса, оларды басқа жобалар есебінен қаржыландыру мәселесі туындайды, -деді тарихшы ғалым.

Ғалым атағандай, ел басшысы Жолдауда гранттық жобалардың орындалу мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту қажеттілігі туралы да керемет сөз қозғады. «Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн» деп, грант мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі ғылымды дамытуға едәуір кедергі келтіріп отырғанын басып айтты. Шын мәнінде қысқа мерзімде қандай да бір нәтижеге қол жеткізудің өзі қиын екені анық.

Мысалы, жаңа көптомдық академиялық «Қазақстан тарихы» басылымын әзірлеу үшін де 3 жыл мерзім беріліп отыр. 7 томдық бұл басылым жаңа тарихи көзқараспен, ұлттық ерекшеліктеріміз бен ұлттық мүддеміз тұрғысынан жазылуы тиіс. Отандық тарихшы ғалымдар 7 томдық академиялық басылымға беріліп отырған 3 жылдың аздық ететінін басынан айтып келе жатыр. Соның үстіне оны 3 тілде сапалы түрде әзірлеу керек. Осыған дейін жарық көрген Қазақстан тарихы академиялық басылымы 15 жылда әзірленсе, кеңестік дәуірде жарық көрген басылым 7 жылда дайындалды. Әрине, гранттардың орындалуы үшін 3 жыл аздық етеді. Сол үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған ұсынысы да ғалымдардың ойында жүрген мәселенің позитивті қорытындысы болды десем артық айтқандық емес. Ғылымның бір үлкен проблемасы шешілді деп анық айталамыз, -деді ол.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...