Жолаушылар пойызында дүниеге нәресте келді

10 Қазан 2021, 14:15
8900
Бөлісу:
Жолаушылар пойызында дүниеге нәресте келді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 8 қазанда №603 «Арқалық - Нұр-Сұлтан» бағытындағы жолаушылар пойызы Арқалық станциясынан жөнелтілгеннен кейін ер адам пойыз бригадасының қызметкерлеріне зайыбының толғағы басталғанын хабарлаған.

Төрехан Әбдірайымов бастаған пойыз бригадасы қызметтік нұсқаулыққа сәйкес әрекетке көшіп, келесі станцияға жедел жәрдем шақырылды. Темір жолда 8 жылдан астам уақыт жұмыс істейтін, оның ішінде 3 жылдан бері пойыз бастығы Т.Әбдірайымов мұндай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келген.

Жолаушылар пойызында дүниеге нәресте келді

Дәрігерлер келгенге дейін теміржолшылар әйелді босануға дайындай бастады. Жолсеріктер Ирина Андреева мен Жаңыл Баталова жолаушылар арасынан табылған дәрігерлер Светлана Аяпова (зейнеттегі  акушер-гинеколог) және Гаухар Қойшығұлованың (емдеу ұйымының басшысы) нұсқауымен әрекет жасады. Жүкті әйелді аман-есен босандыру үшін вагонда барлық қажетті жағдайлар жасалды және біраз уақыттан кейін дүниеге қыз бала келді, - делінген ақпаратта.

Пойыз Державинск бекетіне жеткеннен кейін жас ана Нұрайлым Құрманәлі мен оның сәбиін жолсеріктер жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.


Өзгелердің жаңалығы