Жобаларда жетіспеушілік байқалады – Тоқаев

22 Сәуір 2019, 18:32
1691
Бөлісу:
Жобаларда жетіспеушілік байқалады – Тоқаев
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы екіжақты бизнес форум барысын саралай келе, екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасында қозғаушы күшке айналатын ірі жобаның жетіспеушілігі байқалғандай әсер қалғанын айтты.

«Кореяның ірі бизнесі ынтымақтастыққа мүдделі екені қуантады. Бұл ынтымақтастықтың әлеуеті де жоғары. Біз бүгін бірлескен жобалардың экспозицияларын  қарап шықтық, екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасында қозғаушы күшке айналатын  ірі жобаның жетіспеушілігі байқалғандай әсер қалды», - деді Қазақстан Президенті. 

Биыл корей компаниясының қатысуымен  Үлкен Алматы айналмалы автожолы құрылысы басталады. Тоқаевтың айтуынша, жоба екі ел арасындағы сәтті бастамалардың бірі болуы ықтимал.

«Аталған жоба бірлесіп сәтті жүзеге асырылған жұмыстың бірі болуы мүмкін. Бүгінде Қазақстанда іскерлік бастамалар мен инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Мен Президент ретінде корей бизнесінің барынша дамуына  қолдау көрсетемін. Оған кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған біздің мемлекеттік саясат та үлесін қосады», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы сауда айналым көлемінің өскенін ерекше атап өтті.

«Біздің тараптарда ерекші достық қатынас бар. Ал екіжақты сауда-экономикалық серіктестік жоғары әрекеттестік динамикасын білдіреді. Елдеріміз арасындағы өзара инвестицияны қорғау туралы келісімге 1996 жылы қол қойылып қойған. Осы уақытқа дейін Қазақстан экономикасына 7 млрд долларға жуық инвестиция құйды. Корея Республикасы – Қазақстанның Азия аумағындағы ең ірі сауда серіктестерінің бірі. 2017 жылмен салыстырғанда 2018 жылдың өзінде сауда айналымы 2 еседен де асып түсіп, 4 млрд долларға жуықтады», - деп түйіндеді Президент.

Өзгелердің жаңалығы