Әлеуметтік жоба ұсынған маңғыстаулық жұмыссыз жастарға грант беріледі

22 Ақпан 2019, 19:37
3801
Бөлісу:
Әлеуметтік жоба ұсынған маңғыстаулық жұмыссыз жастарға грант беріледі

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қазақстан Республикасы білім және ғылым минстрлігінің жобаларды басқару бойынша топ жетекшісі Гүлмира Ескендірова мәлімдеді.

«Жастарды, әсіресе жұмыссыз жүрген немесе оқи алмай қалған жастарды қолдау мақсатында қолға алынған жастар корпусын дамыту жобасы Маңғыстау жастары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймын. Жоба аясында өмірлік мәні бар әлеуметтік жоба ұсынған жастардан құралған топтарға 1 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы яғни грант беріледі. Ал, жобасы іске асқан топтың әр мүшесінің жоғарғы білімі барына 60 мың теңге қалғандарына 40 мың теңге стипендия ай сайын төленеді» - деді Гүлмира Қайырбекқызы.

Әлеуметтік жоба ұсынған маңғыстаулық жұмыссыз жастарға грант беріледі

Бұл жобаға 14-29 жас аралығындағы барлық жастар қатыса алады, дегенмен жұмыссыз жастарға басымдық беріледі. Наурыздың 15-і мен сәуірдің 15-і аралығында өтінімді қабылдау жүргізіледі. Ал іріктеу жұмыстары 15-сәуір мен 15-мамыр аралығында өтеді. 15 мамырдан 1 маусымға дейінгі аралықта келісім-шарт жасалып, 1 маусымнан бастап жоба жеңімпаздары жұмысын бастайды.

Алғашқы алты айда жоба жеңімпаздары өндірген өнімін немесе қызметін тұрғындарға тегін ұсынады әрі кәсіпкерлік негіздегі жұмысын жасай береді.

Әлеуметтік жоба ұсынған маңғыстаулық жұмыссыз жастарға грант беріледі

Айта кетейік, аталған жобаға өтінім жіберу онлайн түрде жүргізіледі. Толық ақпаратты WWW.ZHASPROJEKT.KZ сайтынан алуға болады. Сондай-ақ өтінім қабылдау кезінде жастарға ақпараттық, құқықтық көмек көрсететін семинар-тренингтер өткіземіз – дейді мамандар.

«Бүкіләлемдік банк пен ҚР Білім және ғылым минстрлігінің біріккен жобасы елімізде 2017 жылы қолға алынды, сол жылы Қарағанды, Алматы облыстары мен Түркістан, Павлодар қалаларынан 589 жоба мақұлданды, ал 2018 жылы Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл және Қостанай облысын қамтып, 1027 жоба қаржыландырылды. Биыл Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы қалаларының жастары үшін 1100 жобаны қаржыландыру көзделіп отыр» - деді жобаның үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким.

Әлеуметтік жоба ұсынған маңғыстаулық жұмыссыз жастарға грант беріледі

Жиынға қатысқан Маңғыстау облыстық жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы Мирлан Қажыгереевтің айтуынша, жастар жылында бұл жоба маңғыстаулық жастар үшін үлкен жаңалық болып отыр.

«Облыста идеясы мықты жастарымыз көп, жобаға қатысуға олар ынталы. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы бойынша жұмыссыз жастардың пайыздық үлесі 3 пайызды құрап отыр, яғни 2100 жас. Біз өз кезегімізде жоба туралы жастарға түсіндіру жұмыстарын бастап кеттік, аз қамтылған отбасылардан шыққан жастардың жобаға қатысуына ықпал етеміз» - деді ол журналистерге берген сұхбатында.

Томирис Әділ, фото-автордыкі

Өзгелердің жаңалығы