Жоғарғы сот судьясы сайланды

14 Наурыз 2019, 10:28
2379
Бөлісу:
Жоғарғы сот судьясы сайланды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенат отырысында Мейрамбек Таймерденов Жоғарғы сот судьясы болып сайланды.


«Сіздердің қарауыңызға Мемлекет басшысының Жоғарғы сот судьясы қызметіне Мейрамбек Таймерденовты сайлау туралы ұсынымын енгізіп отырмын. Мейрамбек Таймерденов белгілі және тәжірибелі заңгер, прокуратура, әділет органдарында және тікелей сот режимінде бірталай жыл еңбек етті. Судьялықта еңбек өтілі 15 жылдан асады. Оның ішінде басшылық судья лауазымдарында 11 жылдан бері қызмет атқаруда. Кезінде Алматы қалалық сотын басқарды. Соңғы жылдары Алматы облыстық сотының төрағасы болды. Сот жүйесінде жұмыс істеген кезде өзін кәсіби біліктілігі жоғары судья, беделді әрі тәжірибелі басшы ретінде таныта білді», - деді Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Талғат Донақов. 

Депутаттардың сұрақ беру және дауыс беру рәсімінен кейін Мейрамбек Таймерденов Жоғарғы сот судьясы болып сайланды. Сенат отырысында жаңадан сайланған судья ант берді. Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мейрамбек Таймерденовты жаңа қызметімен құттықтады.

Мейрамбек Таймерденов 1958 жылы туған, заңгер.

Өзінің еңбек жолын заңгер мамандығы бойынша 1983 жылы Алматы облысы Қаскелең аудандық халық сотының сот орындаушысы қызметінен бастады.

1993 жылдан 1997 жылға дейін прокуратура органдарында қызмет істеді.

1997 жылы сәуір айында Алматы облысы Жамбыл аудандық сотының судьясы болып тағайындалды.

1999 жылы Алматы облыстық сотының судьясы.

2001-2005 жылдары Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің төрағасы.

2006 жылы ҚР Жоғарғы сотының жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитет төрағасының орынбасары қызметіне келді.

2007-2012 жылдары Алматы облыстық сотының төрағасы.

2012 жылдың наурызынан бастап Алматы қалалық сотының төрағасы.

2013 жылғы желтоқсаннан қазіргі уақытқа дейін Алматы облыстық сотының төрағасы лауазымында болды.

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы