Жоғарғы сот екі азаматты ақтады

12 Қараша 2019, 15:00
2224
Бөлісу:
Жоғарғы сот екі азаматты ақтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жоғарғы сот екі сотталғанды ақтап, іс жүргізуді тоқтатты. Сонымен бірге үш іс бойынша ақтау үкімін күшінде қалдырды. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сот 2017 жылдың наурыз айында Андрей Торгоняны әкімшілік қадағалаудан жалтарғаны үшін кінәлі деп тапты. Ол 1 жылға сотталған болатын. Апелляцияда үкім қайта қаралмаған.

Кассация істі қарап, заңның дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, кінәсіз адамның сотталуына әкеп соққан үкімнің күшін жойды. Сот 2016 жылғы 6 мамырда Торгоняға 6 айға әкімшілік қадағалау белгілеген. 2017 жылғы 15 ақпанда учаскелік инспектор Торгоняға 22 сағаттан кейін тұрғылықты жерінен кетіп қалғаны үшін ӘҚБтК-нің 480-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Осы іс-әрекеті үшін ол 3 тәулікке қамауға алынған - делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 77 бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды. Алайда, Ата Заңның осы ережесі бұзыла отырып, жоғарыда аталған құқық бұзушылық Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіміне тіркелген.

Іс жүзінде, Торгоня бір құқық бұзушылық үшін қайтадан қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылды. Іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.

Сонымен қатар, 2019 жылы Абылайхан Жұмамадинов қажетті қорғаныс шегінен шығып денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін айыпталған (ҚК-нің 112-бабының 1-бөлігі). Қылмыстық іс тараптардың медиация тәртібімен татуласуына байланысты ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес тоқтатылды. Сот үкімі апелляцияда қайта қаралмаған.

Жоғарғы Сот істі қарап, сотталушының іс-әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтады.

Бұдан бөлек, Дамир Тажиев әскери бөлім командирі орынбасарының уақытша міндетін атқарушы бола отырып, ескі  ЖҚС-та жөндеу жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін айыпталды. Жұмыс тиянақты жүргізілмегендіктен резервуардағы мұнай өнімдері буының жарылысы салдарынан адам қаза болған.

Сот 2019 жылғы қаңтарда оны кінәсіз деп танып, іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтаған. Апелляция сот актісін күшінде қалдырды.

Кассация істі қарап, ақтау үкімін мынадай себептер бойынша күшінде қалдырды. Сот Тажиев ҚК-нің 453-бабының 2-бөлігі бойынша құқық бұзушылық субъектісі болып табылмайтынын дұрыс көрсеткен, себебі оқиға болған кезде ол төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік техникасы үшін жауап беретін лауазымды адам болмаған - дейді мамандар.

Өзгелердің жаңалығы