"Жетібай – Жаңаөзен" жолының жұмыстары маусымның соңына дейін аяқталады

24 Маусым 2020, 16:13
1396
Бөлісу:
"Жетібай – Жаңаөзен" жолының жұмыстары маусымның соңына дейін аяқталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысында автомобиль жолдары саласындағы ірі республикалық "Жетібай – Жаңаөзен" жобасын іске асыру шаралары аяқталуға жақын. Жолдың 2 учаскесінің біріндегі жұмыстар осы жылдың наурызында аяқталған болатын.

Қайта жаңарту жұмыстары 2018 жылдан бері Азия Даму банкі қаражатының есебінен іске асырылуда. "Аккорд/Ақжол Құрылыс" БК және "Cengiz Insaat Sanayi ve Ticaret A.S" компаниялары" екі жыл ішінде жұмыстарға 976 адамды жұмысқа тартса, жол-құрылыс техникасының 575 бірлігін жұмылдырды

Бүгінгі таңда жолдың 0-38 шақырымдары арасында жатқан учаскесінде 20 шақырымдық кедергілік қоршауларды орнатудан басқа жұмыстардың барлығы орындалған. Жоспар бойынша бұл жұмыстар 2020 жылғы 30 маусымға қарай аяқталады деп күтілуде. 35-73 шақырымдар арасындағы жол учаскесінің құрылыс жұмыстарының барлығы аяқталған.

Жол қайта жаңарту жұмыстарынан өткен соң, жолдың 68,6 шақырымы пайдалануға беріледі. Оның 57,4 шақырымы – І техникалық санаттағы, 11,2 шақырымы – ІІ техникалық санаттағы жолдар болмақ. Бұдан бөлек, мұнда 2 жол өтпесі, 25 су өткізгіш құбыр және мал өтпелері орнатылған.

Айта кету керек, Маңғыстау облысында жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 95,2%-ды құрайды. 2017 жылы мұнда Бейнеуден Ақтау қаласының теңіз портына дейінгі аралықта жатқан "Бейнеу-Ақтау" автомобиль жолын қайта жаңартуға қатысты ірі жобаны жүзеге асыру шаралары аяқталған еді. Аталмыш жолдың ұзындығы 430 шақырымыды құрайды.

Өзгелердің жаңалығы