Жер учаскесін алу неге қиын

17 Қазан 2019, 13:15
1784
Бөлісу:
Жер учаскесін алу неге қиын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алдын алу департаментінің басшысы Анар Жарова Агенттік алаңында өткен баспасөз мәслихатында жер учаскесін алуда азаматтар тап болатын қиындықтарды атады.   

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі “Атамекен” ҰКП бірлесе жер қатынастары саласына талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде сыбайлас жемқорлық себептері мен жағдайлары анықталды.  

«Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуда кезек мәселе болып отыр. Жер кодексіне сәйкес әрбір азамат жеке құрылыс үшін жер учаскесін алуға құқылы. Алайда инфрақұрылымы бар дайын алаңдардың жоқтығынан жер учаскесін алу қиынға соғады», - деді Жарова. 

Оның сөзінше барлық өңірде кезек бар. Мысалы Ақтөбеде – 137 мың адам, Тараз қаласында – 69,2 мың адам, Көкшетау қаласында – 13,5 мың адам. Республикада 1,5 млн адам кезекте тұрса, жыл сайын 10 мың адамға ғана жер учаскесі беріледі. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жер учаскесі мүлдем берілмейді, себебі Бас жоспарда азаматтарға жер учаскесін беру қарастырылмаған. 

Сонымен қатар әртүрлі сайттарда жер учаскелерін сату, соның ішінде жеке тұрғын үй құрылысына сай келетін хабарландырулар жарияланған. Департамент басшысының сөзінше жер учаскесін алған азаматтар оны не игермейді, не тиісінше қолданбайды.  

«Кезекке рәсімдеу мәселелерерінде бұзушылықтардың орын алуы себеп болып отыр. Жүргізілген талдау азаматтардың өтінішін қарау мерзімі үш айға дейін және одан да көп уақытқа созылатынын көрсетті. Заңнамаға сәйкес өтініштер бірінші кезеңде – 28 жұмыс күні ішінде, екінші кезеңде 22 жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс. Сонда азаматтардың жер учаскесін алу процесі 50 жұмыс күнін құрайды, бұл да тым ұзақ», - дейді Агенттік өкілі. 

Жер қатынастары саласындағы мәселелердің бірі – қолжетімсіз ақпарат. Жергілікті атқарушы органдардың қызметіне жүргізілген талдау осы бағытта тиісті деңгейде жұмыс орындалмайтынын көрсетті. Бекітілген талаптарға сәйкес жергілікті атқарушы органдар интернет ресурстарында бас жопар схемасы, инжеренлік байланыс секілді схемаларды тоқсанына бір рет жариялап тұруы тиіс. 

«Сайттар мониторингі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкелетін толық емес және бөлек-бөлек ақпараттың жариялануын көрсетті. Бұл мәселені шешу үшін 2018 жылы мемлекет басшысы қазандағы Қазақстан халқына жолдауында жер қоры мен мүлік нысандары бірыңғай ақпараттық базасын әзірлеуді тапсырды. Осы жұмысты стандарттау үшін наурызда ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдардың геоақпараттық порталдарының бірыңғай талаптарын бекітті», - деді ол.   

Жер мәселесі жөніндегі комиссия қызметінің ашық болмауы, рәсімдеу мәселерерінің жеткіліксіз болуы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бірі болып отыр.

Өзгелердің жаңалығы