Жер шетелдіктерге сатылмайды деген Президент шешімі заңның қабылдануына үлкен негіз болды – Башимов

1 Шілде 2021, 16:31
2414
Бөлісу:
Жер шетелдіктерге сатылмайды деген Президент шешімі заңның қабылдануына үлкен негіз болды – Башимов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Танымал саясаттанушы, Еуропалық құқық пен адам құқығы сараптамалық институтының директоры Марат Башимов Президент қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қатысты пікір білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жер қатынастарын дамыту бойынша маңызды Заңға қол қойды. Бұл заңды халық ұзақ күтті. Оған үлкен үміт пен сенім артты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жер комиссиясы құрылып, ұзақ талқылаудан кейін олар бұл бағыттыға сыбайлас жемқорлықты тамырымен жоятын жүзден астам нақты бағыттар мен қадамдарды ұсынды. Маңызды деген барлық нормалар заңда көрініс тапты. Өзгерістерге қарсы шыққандар да болды. Алайда Мемлекет басшысының жердің шетелдіктерге сатылмайтыны туралы шешімі Заңның қабылдануына үлкен негіз болды. Бұл мәселе қоғамда үлкен резонанс туғызған болатын. Қоғам Мемлекет басшысының бұл шешімін қолдады, - деді ол.
Ол заңда көрініс тапқан негізгі өзгерістерге тоқталды. 
Заң аясында қазақстандықтар жерді 49 жылға жалға алу, аренда мерзімі өткен соң оны ұзарту мүмкіндігіне ие болды, жер қатынастары комитеттеріне мемлекеттік бақылау функциясы қайтарылды. Жергілікті жердің жағдайы мен халықтың қажеттілігін ескеру арқылы жайылымдық жерлердің шекаралары бекітілді. Барлық өркениетті елдер сияқты – ауылшаруашылық мақсаттағы жерлерді пайдалану туралы ақпарат мемлекеттік жер кадастрының интернет ресурсына жүктеліп, халық үшін ашық ақпарат ретінде ұсынылады. Бұрын ақпаратты жария етпеу халық арасында наразылық туындатып, көңілдеріне күдік ұялататын. Қазақстандықтарға ауылшаруашылық мақсаттағы жерді жекеменшікке беру туралы мораторий мерзімі 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды, - деп атап өтті ол.
Башимовтың айтуынша, жаңа заң сыйбайлас жемқорлыққа жол беріп келген көптеген мүмкіндіктерге тосқауыл қойды. 
Мысалы, Заңның 97-бабына шаруа қожалығына берілген жердің мақсатын бау-бақша үшін немесе саяжай құрылысына деп өзгертуге тыйым салынды. Бұрын осы салада ауылшаруашылық мақсаттағы жерді басқа құрылысқа пайдалануға жол беріліп келген. Осылайша көптеген жер учаскелері мақсатсыз пайдаланылып келді. Заңға енгізілген өзгеріс бұл көлеңкелі әрекетке тосқауыл қояды. Осындай оң өзгерістердің барлығы Мемлекет басшысының адал қоғам және тиімді мемлекет құру саясатының негізінде мүмкін болды. Оның ашық болуға үндейтін «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға бағытталған осы саясаты халыққа қажет және олардың үддесінен шығатын заңның қабылдануына негіз болды, - деп атап өтті Марат Башимов.

Өзгелердің жаңалығы