Жер қатынасы саласын цифрландыруда жүйелі жұмыстар атқарылуда

2 Наурыз 2021, 10:45
8041
Бөлісу:
Жер қатынасы саласын цифрландыруда жүйелі жұмыстар атқарылуда

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы жер қоры 14 427,7 мың гектарды құрайды. Бұл – республика аумағының 5,3 %-ы. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер 4 705,3 мың гектар болса, елді мекендердің жері – 464,8 мың гектар. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс мақсатындағы жер 174,7 мың гектарға жетеді.

Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Бахтияр Көпбосыновтың сөзінше, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға тиесілі жер 11,6 мың гектар екен. Орман қорының аумағы – 4 429 мың гектар, су қорының жері 356,1 мың гектар болса, босалқы жер 1 796,4 мың гектарды құрайды.

Космомониторинг нәтижесі алдыңғы жылы облыс аумағындағы аудандарда 35,5 мың гектар егістік жердің игерусіз қалғанын көрсетті. Қолданылған шаралардың нәтижесінде игерілмеген егістіктің 2 503 гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, 7 197 гектар егістікті пайдаланушыларға жер салығы он есеге дейін ұлғайтылды. Ал былтыр жүргізілген болжамды алдын-ала космомониторинг нәтижесі 25 мың гектар егістік жердің игерусіз жатқанын аңғартты, - деді Бахтияр Бейсембайұлы.

Былтыр 25 аукционға 74 гектар жер шығарылып, мемлекет қазынасына 196,4 млн теңге көлемінде кіріс кірген.

Инвестициялық-инновациялық жобаларға соңғы үш жыл шамасында жалпы аумағы 3 774 гектар жер пайдалануға берілді. Жерге құқықтар табыстаудың ашықтығын және жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында екі жыл бұрын Тараз қаласы республика бойынша Батыс Қазақстан облысынан кейін екінші болып жердің сауда-саттығын өткізуді электронды форматқа көшірді. Осылайша облыс орталығында 4 электронды аукцион өтті, - деді басқарма басшысы.

Оның мәліметіне қарағанда, өткен жылдан бастап осы тәжірибе барлық аудандарда өндіріске енгізілу үстінде. Айта кетерлігі, жердің электронды сауда-саттығы Қаржы министрлігіне қарасты «Ақпараттық-есеп ортылығы» АҚ-ның Мемлекеттік мүлік реестрі веб-порталы арқылы жүргізіледі. Жер қатынастары саласы бойынша көрсетілетін 10 мемлекеттік қызметтің 9-ы немесе 90 пайызы электронды форматта ауысқан.

Қазіргі кезде жерге кезектілік электронды жүйеге көшірілген. Онымен аудан, қала әкімдіктерінің сайттары арқылы танысуға болады. Бүгінде «Жайылымдар туралы» заң талаптарына сәйкес, әрбір ауылдық округ бойынша жайылымдарды пайдалану тәртібі мен схемасын қайта пысықтап бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жамбыл облысында 2017-2019 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспары бекітілген. Қазір бұл құжаттарды пайдалану мерзімі аяқталуына байланысты 2020-2021 жылдарға арналған жоспар Жамбыл, Жуалы, Талас, Т.Рысқұлов, Меркі, Сарысу, Шу, Мойынқұм, Қордай, Байзақ аудандарында әзірленіп бекітілді, - деп атап өтті маман.
Жамбыл облысы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан өңірлік геоақпараттық жүйесін құру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Спикер аймақтың геопорталын қолдану саласы мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, коммуналдық ұйымдардың және облыстың табиғи монополиялар кәсіпорындарының салалық міндеттер кешенін қарастыруға бағытталғанын жеткізді. Белгілі болғандай, геопортал облыстың инфрақұрылым нысандары туралы ақпаратты орталықтандырылған және жедел басқаруды жүзеге асыруға, өңірдің тыныс-тіршілігіне қатысты әртүрлі картографиялық ақпаратты жинауға, оны жедел өңдеуге, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары салаларындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды қамтамасыз ететін және өңір бойынша барлық кеңістіктік деректер үшін бірыңғай қызмет ететін геоплатформа ретінде қалыптастырылады екен.
Өңірлік геоақпараттық жүйені әзірлеуде «Казгиса» ЖШС-мен Тараз қаласының геопорталының техникалық платформасын өрістету жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жария кадастрлық картаны цифрлық деректермен толықтыру үшін өңірлік геоақпараттық жүйеге векторлық нұсқада енгізілген деректер «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-на ұсынылып, жария кадастрлық картаны толықтыру жұмыстары 90,9 %-ды, Тараз қаласының өңірлік геоақпараттық жүйесін әзірлеу жұмыстары 95,83 %-ды құрады, - деді Көпбосынов.
Бүгінде аталған геопортал e-jambyl.kz домендік атауымен қалыптасып, іске қосылған. Оған қала құрылысы жобалары, функционалдық, бағалау, қорғау аймақтары, инженерлік желілерді түгендеу шекаралары, бос жер телімдері туралы ақпараттар, ғимараттар мен көше жолдары желісі енгізіліп, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жұмыстары енгізілген.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысты Жер ресурстарын басқару комитетімен және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп бекіткен «Жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға» сәйкес 7 мемлекеттік қызметті цифрландыру жоспарланған. Бүгінде Тараз қаласы бойынша 5, аудандар бойынша 2 мемлекеттік көрсетілетін қызметтер геопорталған енгізіліп, алғашқы тестілеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, өңірлік геоақпараттық жүйені «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесімен» интеграциялау үшін және геопорталға қажетті деректерді алу мақсатында Smart Bridge платформасы арқылы интеграциялау қажет етілетін 6 сервиске өтінім жіберіліп, серверлік қондырғыға орналастыру және тесттік интеграциялау жұмыстары жүргізілуде, - деді басқарма басшысы.


Өзгелердің жаңалығы