Жер реформасы. Мемлекеттік органдардың ұсыныстарды қалай орындайтыны алаңдатады - депутат

10 Сәуір 2021, 11:11
2505
Бөлісу:
Жер реформасы. Мемлекеттік органдардың ұсыныстарды қалай орындайтыны алаңдатады - депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның үшінші отырысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев Жер реформасының экономикалық мәселелері бойынша жұмыс тобының отырысында талқыланған ұйымдастыру жұмыстарының проблемаларын жеткізді.

Біз қазір қызу талқылап жатқан сұрақтар 2016 жылы Жер реформасы жөніндегі алдыңғы комиссияның жұмысы шеңберінде қаралып, сол кездің өзінде тиісті шешімдер қабылданған болатын. Бірақ, бүгін көріп отырғанымыздай, олар әлі орындалмаған немесе сапасыз деңгейде орындалған күйде. Сондықтан, мемлекеттік органдардың жер комиссиясы тарапынан берілетін ұсыныстарды бұл жолы қалай орындайтыны бізді қатты алаңдатады. Аталған мәселеге осы жиналысқа қатысып отырған министрліктер өкілдері назар аударуы қажет деп есептейміз, - деді ол.

Депутат жиналыс барысында егер бірнеше жылдан кейін қайтадан жаңадан комиссия құрып, осы сұрақтарға қайта оралсақ, бүгінгі қабылданған шешімдердің қандай маңызы болмақ деген сауал тастады.

Премьер-министрдің өкіміне сәйкес, біздің комиссиямыздың міндеті - "Жер қатынастары саласындағы проблемалық мәселелер бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу". Ал жер қатынастары дегеніміз - бұл жерді иелену, пайдалану, жер ресурстарын мемлекеттік басқаруға қатысты қоғамдық қатынастар. Сондықтан, жұмыс тобының мүшелері тек жер реформасына байланысты сұрақтарды қарастыруды сұрайды, - деді Күрішбаев.

Бұған дейін Ақылбек Күрішбаев Жер реформасының экономикалық мәселелері бойынша жұмыс тобының қараған сұрақтарына тоқталған болатын.

Өзгелердің жаңалығы