Жер астына түсіп кеткен КамАЗ 400-ге жуық үйді жылусыз қалдырды

1 Наурыз 2021, 17:29
2316
Бөлісу:
Жер астына түсіп кеткен КамАЗ 400-ге жуық үйді жылусыз қалдырды

Алматы, BAQ.KZ. КамАЗ-ды көтере алмай опырылып түскен жерде жылу құбыры бүлініп, сол маңдағы халық жылусыз қалған. Бұл туралы «Алматы жылу жүйесі» ЖШС хабарлады.

Бұған дейін Алматыда сағат 13.00 шамасында қаладағы Қажымұқан көшесі бойында жер опырылып, КамАЗ жүк көлігі жер астына түсіп кеткенін хабарлағанбыз.

Белгілі болғандай, құм мен қиыршықтас қоспасын тиеген 27 тонналық жүк көлігі кварталішілік жылу камерасы аймағына кіріп кеткен. 

Бұл жер өте ауыр жүкті көтеруге қауқарлы емес. Сондықтан жүк көлігінің салмағын көтере алмай, опырылып түскен. Ал жүк көлігі жылу камерасының үстіне құлаған. Салдарынан диаметрі 500 мм болатын құбыр бүлінген. Сондықтан бұл жердегі жылуды өшіруге тура келді, - делінген хабарламада.

Хабарламада айтылғандай, қазір Қазыбаев – Назарбаев – Достық – Тайманов көшелері аумағындағы 336 көппәтерлі үй, 86 жеке тұрғын үй, 9 денсаулық сақтау нысаны, он балабақша және алты білім беру нысаны жылусыз қалған. 

Сондай-ақ Алматы жылу жүйесінің 18 маманы апатты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқаны айтылады. Жөндеу жұмыстары 23 сағатқа созылуы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы