Жемқорлық дерегі бойынша шалынған қоңыраудың 64-і расталды

21 Мамыр 2020, 16:36
1368
Бөлісу:
Жемқорлық дерегі бойынша шалынған қоңыраудың 64-і расталды
Фото: ашық дереккөз

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жемқорлық дерегі бойынша қоңырау шалғандар ішінде 64 жағдай расталды. Жемқорлық жайлы хабарлағандарға 10 млн теңге сомасында сыйақы берілген.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, жыл басынан бері колл-орталыққа келіп түсіп жатқан қоңыраулар қатары көп. Соның ішінде тек 300 қоңырау жемқорлық күдігі бойынша соғылған. 

Көптеген өтініш Ішкі істер, жергілікті атқарушы орган, денсаулық және білім саласы қызметкерлерінің жұмысына қатысты болды. Колл-орталыққа жемқорлық бойынша қоңырау шалғандармен нақты 64 жағдай расталды, - дейді ол. 

Сонымен қатар, ол соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметінің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың тәсілдері айтарлықтай өзгергенін айтты. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл халықтың белсенді атсалысуымен ғана мүмкін болады. Сол үшін Агенттік халықпен байланыс орнату үшін әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашып, тұрғындардың өтініштерін қабылдауда. Жемқорлық дерегі бойынша өтініштер күн санап өсіп отыр, - деді Биғайдаров. 

Сондай-ақ, ол өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі қызметі 150-ге жуық жемқорлық дерегін тіркегенін, оның ішінде бес лауазымды тұлға ұсталып, тағы алты адам қамалғанын жеткізді. 

Ақмола облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментінің басшысына және оның екі сыбайласына қатысты алаяқтық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Облыстық ведмоства басшысы осы жылдың 18 мамырында екі көмекшісімен қылмыстық келісімге келіп, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс жүргізу құқығын алуға байланысты мәселені оң шешкені үшін бір компаниядан қаражатты заңсыз алған. Күдіктілер кінәсін толық мойындағандықтан ұстау тәрізді шаралар қолданылған жоқ, - деді ол.
Бұған дейін 2019 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке 26 мыңнан астам өтініш түскені анықталды.

Өзгелердің жаңалығы