Жеміс-көкөніс шаруашылығына инвестиция тарту мәселесі көтерілді

19 Ақпан 2020, 21:05
1227
Бөлісу:
Жеміс-көкөніс шаруашылығына инвестиция тарту мәселесі көтерілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатта Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелері жеміс-көкөніс мәселелері бойынша ғалымдармен және бизнес өкілдерімен кездесті.

Жиынға Сенат депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Қазақ ұлттық жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен "Kazakh Invest" ұлттық компаниясының басшылығы қатысты.

Шара барысында сенатор Дәурен Әділбеков осы кездесу жеміс-көкөніс шаруашылығы саласын дамытуда инвестиция тарту мақсатын көздейтінін атап өтті. 

Отандық өнімге арналған сапалы көшет материалдарының тапшы болуы осы салаға қатысты негізгі проблемалардың бірі. Осы орайда аталған салаға инвестиция тарту мәселесі басты назарда болуы қажет, - деді ол.

Қазақ ұлттық жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Серік Садықовтың айтуынша, бүгінде еліміздегі жеміс дақылдары алып жатқан жердің аумағы 50 мың гектарды құрайды. Жыл сайын 7 млн дана жеміс ағашының көшеті қажет көрінеді.

Қажеттіліктің 80% импорт есебінен жабылып отыр. Ең қымбат жеміс-жидек дақылдарының көшеттері Италия, Испания, Польша, Түркия және Сербия елінен әкелінеді, - деді ол.

Сырттан келетін көшеттермен бірге еліміз аумағына түрлі ауру түрлері мен зиякестер де келуде. Оның үстіне шетелден әкелінетін көшеттердің жергілікті ауа райына бейімделуі ұзақ уақыт алады. Ол өз кезегінде өнімнің саны мен сапасына кері әсерін тигізеді.

Сарапшылардың айтуынша, көшет отырғызу материалдарына жұмсалатын қаржының сыртқа кетуі де экономикалық проблемалардың одан әрі тереңдей түсуіне себеп болып отыр.

Сенат депуттары талқылау барысында отандық көшет бағасының қымбаттығына назар аударды. Атап айтқанда, Өзбекстан мен Қырғызстанда бір көшеттің бағасы 100 теңге болса, Қазақстанда көшет бағасы 400 теңгені құрайды.

Жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының басшысы С.Садықов тиісті агротехникалық ережелерді сақтап өсірілген сапалы көшеттің өзіндік құны елімізде 280-300 теңге екенін айта келіп, Өзбекстанда 100 теңгеге сапасыз көшет сатылатынын, ал сапалы көшет ол елде 1000-1500 теңге тұратынын жеткізді.

Сенатор Мұратбай Жолдасбаев кездесуде жеміс-көкөніс шаруашылығында қатаң реттеу мен стандарттаудың жоқтығына тоқталды.

Былай алып қарасақ – біз алманың отанымыз. Ал қазір сырттан жүз мыңдаған тонна алма әкелінуде, оның сапасының қандай екені белгісіз. Осыны реттеу мәселесін бірігіп қарастыратын боламыз, - деді ол.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Серік Жақсыбеков отырысты қорытындылай келіп, талқыланған мәселелердің маңызын атап өтті.

Мемлекет үшін жұмыстың жүргені маңызды. Бізде өзіміздің элиталық тұқымдық материал бар. Ол алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, артық қалғаны көрші елдер нарығы арқылы сатылатын болады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы