Жемқорлар ұрлаған ақша Қазақстанның мұнайдан тапқан бар табысынан 2 есе көп – Перуашев

22 Мамыр 2019, 14:05
2710
Бөлісу:
Жемқорлар ұрлаған ақша Қазақстанның мұнайдан тапқан бар табысынан 2 есе көп – Перуашев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев еліміздегі сыбайлас жемқорлық мәселесін көтеріп, Премьер-министр Асқар Мамин мен Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке сауал жолдады.

«Сыбайлас жемқорлық - Қазақстанның қазіргі басты проблемасы. Ол экономиканы құрдымға кетіреді, бизнеске кедергі болады, бай мен кедей арасын одан әрі алшақтатуға себеп болады әрі қоғамда әлеуметтік шиеленіске әкеледі. Global Financial Integrity халықаралық сарапшыларының мәліметінше, Қазақстаннан офшорларға 160 млрд доллардан астам ақша заңсыз шығарылған. Былайша айтқанда, жемқорлар ұрлаған қаржы Қазақстанның тәуелсіздік жылдары мұнай сатудан жинаған қаражатынан екі есе көп. Сондықтан бұған дейін ұрланған ақшаны қайтару ғана емес, шетелге заңсыз капитал шығарудың алдын алу да маңызды. Жемқорлар ұрланған қаржыны шетелде жасырып үлгеруге тырысады. Олар сотталса да, 1-1,5 жылдан кейін мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығуды, жасырған капиталына қол жеткізуді көздейді. Олар бұл қаражатты адал еңбегімен ешқашан таба алмаушы еді», - деді Азат Перуашев Мәжіліс отырысында.

Мәжілісмен бұл әдіс алғашқы болып Батыста анықталғанын айтты. Мысалы АҚШ-тың бірнеше штатында сыбайлас жемқорлықпен сотталғандар 10-15 жылға бас бостандығынан айрылады. Бұған қоса оларды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынады. Жақында бұндай ереже Беларусьте енгізілді, Ресейдің Мемлекеттік Думасында да осындай заң жобасы қаралмақ.

«Ірі көлемдегі жымқыруларға қарамастан біздің елде ғана ұзақ жылдарға сотталған азаматтар артық у-шусыз бірінші мүмкіндікпен бостандыққа шығып кетеді. Олардың көбінің жасырған ақшасымен шетелде шалқып өмір сүріп жатқанына күмән жоқ. Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы жемқорларды рақымшылық арқылы қорғаштауды тоқтату қажет деп санайды. Рақымшылықты халық пен кәсіпкерлерге жасау керек, оларды тонап жатқандарға емес. Осыған орай жемқорларды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салуды ұсынамыз. Қандай жағдай болмасын сотталған жемқорларды ұрланған қаржыны толық қайтармайынша елден шығаруға тыйым салуды ұсынамыз. Жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде Үкімет мүшелері, Ұлттық компания басшыларының шетелдегі шоттары үшін «банк құпиясы» принципін алып тастауды тағы бір мәрте ұсынамыз», - деді Азат Перуашев.


Өзгелердің жаңалығы