Желтоқсан көтерілісі ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылуы қажет. Қазыбек Иса Үкіметке сауал жолдады

8 Қыркүйек 2021, 13:27
5160
Бөлісу:
Желтоқсан көтерілісі ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылуы қажет. Қазыбек Иса Үкіметке сауал жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ақ жол» фракциясы депутаттары Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады.

Депутат Қазыбек Исаның айтуынша, сауал Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арналған.

Біздің Ұлттық тарихымызда әлемге әйгілі Желтоқсан көтерілісінің орны ерекше. 1986 жылы әлемдік алпауытқа айналып тұрған қаһарлы Кеңес империясынан теңдік сұрап, Азаттық үшін алаңға шыққан көтеріліске биыл 35 жыл. Жетпіс жылдық тас бұғау да жігерін жасыта алмаған, ұлттық намысын тұншықтыра алмаған Қазақ жастары алаңға шыққан күн - Тәуелсіз ел үшін ең қастерлі күндердің бірі болуы тиіс. Қазақ жастары қылышынан қан тамған кеңес империясына қарсы алаңға жан үшін шыққан жоқ, нан үшін шыққан жоқ, Намыс үшін шықты. Пұл сұрап шыққан жоқ, Тіл сұрап шықты. Жоғалып бара жатқан ұлттық рухтың атойлап, алаңға шыққан аттаны еді. Қазақ жастары қызыл қанын төгіп жүріп, Қызыл империядан талап еткен Ұлт мүддесі қазір Тәуелсіз Қазақ елінде қорғалып жатыр ма? – деді депутат.

Қазыбек Иса сол Тәуелсіздік жолында құрбан болып, ауыр зардап шеккен Желтоқсан қаһармандарының қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді.

Депутат атап өткендей, Желтоқсан көтерілісінің Тәуелсіз ел тарихындағы зор маңызын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айқын көрсетіп берді.

«Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі 70 жылдық Кеңес империясына қарсы көтерілген әлемдегі тұңғыш көтеріліс. 

Ол Кеңестер Одағындағы одақтас республикалардың Тәуелсіздік үшін күрес шеруін бірінші бастап берді. Ұлт мүддесін қорғап алаңға шыққан желтоқсандықтардың басты талабы - «Әр халыққа өз басшысы» деген ұран болды. Бұл 70 жылдық кеңес империясы тарихында билікке қарсы алғашқы ашық айтылған Тәуелсіздік идеясы, алғашқы айқас еді. Мыңдаған жастардың аяусыз жазаланып, қудалануы да, бұл жай оқиға емес, нағыз көтеріліс болғандығының айқын белгісі. Ендеше неге Кеңес Одағының қызыл империясына қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтерілісі ретінде танылмайды?! – дейді Қазыбек Иса.

Оның сөзінше, Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін болған қазақ жастарының қаһармандығынан қуат алған Баку, Тбилиси, Вильнюс қалаларындағы оқиғалар ұлт азаттық көтеріліс ретінде заңды танылып, ЮНЕСКО деңгейінде мойындалды.

1991 жылғы 19 тамызда Мәскеуде болған топалаңда танкінің астына түсіп қалған үш адамға «Ресей Батыры» атағын берді. Біз неге ел тәуелсіздігі жолындағы нағыз көтерілісте алаңға шыққаны үшін мерт болған Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановаларға «Халық Қаһарманы» атағын бермеске? Қазақстан Президент арнайы атап айтқан Желтоқсанның 35 жылдығын біздің үкімет қалай атап өтпекші? Біз білетін алғашқы «сыйлық» - Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Желтоқсан атындағы жалғыз көшенің атын алып тастау болды!?. Міне, осындай масқараға да куә болып отырмыз!? – дейді депутат.

Осы мәселелерге орай, «Ақ жол» партиясының мынысдай ұсыныстар айтты:

1. 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Кеңестік қызыл империяға қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет. Желтоқсандықтарға «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» құқықтық мәртебесі берілуі керек.

2. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев еліміздегі айрықша атаулы күндер қатарында атаған Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы ресми деңгейде атап өтілуі керек.

3. Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы заңға Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қолдап, көтермелейтін арнайы өзгеріс енгізілуі керек.

4. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалғанын әлі растай алмай жүрген азаматтарды «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» ретінде тануда қолдан жасалған қаптаған бюрократиялық кедергілерді жойып, анықтама алуды жеңілдету керек.

5. Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы тиіс. Жастарымызға патриоттық тәрбие беру үшін оқулықтарда жеткілікті жазылуы қажет. Қазақстан қалаларында Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашылып, монументтер орнатылуы тиіс.


Өзгелердің жаңалығы