Көкшетауда жел электр станциясы іске қосылады

12 Наурыз 2019, 09:02
4482
Бөлісу:
Көкшетауда жел электр станциясы іске қосылады
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. «ВетроИнвест Кокшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Красный Яр селосында жел электр станциясын салуда. Жаңа нысан биылғы жылдың екінші жартыжылдығында қолданысқа беріледі.

Жел электр станциясы Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр селосының аумағында, облыс орталығынан 8 шақырым арақашықтықта салынуда. Нысан құрылысы өткен жылдың екінші жартыжылдығында басталды.

«Қазіргі уақытта бес жел генераторы орнатылды, олардың барлығы қолданысқа дайын. Енді ауа райының қолайлы мезгілін күтудеміз, құралдар неміс технологиясы бойынша жұмыс істейді. Германиядан арнайы мамандар келеді, олар жаңа нысанның іске қосылуын бақылайтын болады. Осылайша село тұрғындарын электр энергиясымен қамтамасыз ететін күн алыс емес», - дейді «ВетроИнвест Кокшетау» ЖШС мердігерлік компаниясының директоры Владимир Иванов.

Қазіргі уақытта Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған «NEG Micon» компаниясының бес жел генераторы орнатылған. Қуаттылығы – 3,75 МВт. Нысанды жыл аяғына дейін іске қосу жоспарланған. Станцияның жалпы қуаттылығы  – 7 МВт.

«Бастапқыда станцияның қуаттылығы 3,75 МВт деп жоспарланған. Кейін жоспарымызды өзгерттік. Қазіргі күнге дейін бес жел генераторы орнатылды, алда оның санын 10-ға жеткіземіз», - дейді Владимир Иванов.

Жоба құны – 1,7 млрд теңге. Станция селоны толықтай электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарлы екенін айтады мамандар.

«Көкшетаудағы ауа райын есепке ала отырып, маусым айының басында тәжірибе жұмыстарын бастаймыз. Станция биылғы жылдың екінші жартыжылдығында іске қосылады. Барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Екінші тоқсанда 5 генераторды іске қосамыз, күзде келесі 5 генератор қолданысқа беріледі», - дейді компания директоры.

Бұған дейін «ВетроИнвест» компаниясы Атырауда жел электр станциясы жобасын іске қосқан. Оның қуаттылығы – 52,8 МВт. Компания еліміздің солтүстігінде де осындай жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Алайда Көкшетаудағы станцияға қатысты болжам жасау әлі ертерек екендігін айтады мамандар.

«Өңірде жобаның қалай жұмыс істейтінін нақты айта алмаймыз. Алайда ауа райы, желдің екпіні, бағытының өзгеруі маңызды. Әр өңірдің климаты өзгеше. Жел паркінің ішкі жылыту қондырғылары бар, ол -43 градусқа дейін есептелген", - дейді Владимир Иванов.

Жыл соңына дейін Көкшетауда Индустрияландыру картасынан тыс 5 миллиард теңгенің 10 жобасы іске асырылады деп жоспарланған. Айталық, «Көкше Престиж Бидай» ЖШС құны 800 млн теңге тұратын элеватор құрылысын қолға алуда. Жобалардың бірқатары қолданысқа берілді. Мысалы, «ЕНКИ» компаниясы керамикалық кірпіш зауытын жаңартса, «Асыл арман» ЖШС полиэтилен қапшықтарын өндіру фабрикасын іске қосты.

Өзгелердің жаңалығы