Елордадағы жексенбілік үш мектепте жаңа оқу жылы басталды

18 Қыркүйек 2019, 17:57
2198
Бөлісу:
Елордадағы жексенбілік үш мектепте жаңа оқу жылы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада поляк, украин және кәріс жексенбілік мектептері жаңа оқу жылын бастады, деп хабарланды қала әкімдігінің ресми сайтында. 

Елордалық №5 мектеп-гимназиясында поляк жексенбілік мектебінің жаңа оқу жылының басталуына арналған мерекелік іс-шарасы өтті. 

Мерекелік концертке Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының Елшілігі, Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы, «Polacy» ҚБ мүшелері, ата-аналар мен оқушылар қатысты. 

Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова көпшілікке құттықтау сөзін арнады. 

«Балалар мен олардың ата-аналарын оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Оқуда табыс және жақсы бағалар тілеймін!», - деп атап өтті Л.Құсайынова. 

Іс-шара барысында балаларды Нұр-Сұлтан қаласындағы Польша Республикасы Елшілігінің консульдық бөлімінің бастығы Юстына Дудар, №5 мектеп-гимназияның директоры Алексей Труфанов және «Polacy» ҚБ төрағасы Елена Роговская құттықтады. Қоғамдық бірлестік төрағасының сөзінше, жексенбілік мектептің жаңа оқу жылына 90 бала тіркелген. Е.Роговская Польшадан арнайы келген жаңа ұстазды таныстырып, барша қонақтарға табыс тіледі. 

Кеш поляк жексенбілік мектебінің оқушылары әзірлеген мерекелік бағдарламамен жалғасын тапты. Шара соңында қатысушылар «Bye Polakiem 2019» халықаралық байқауының лауреаты атанған жексенбілік мектептің оқушысы Меден Гильмиярованың поляк тіліндегі бейнеролигін тамашалады. 

Сондай-ақ, №19 орта мектепте «Рідне слово» украиндық этнолингвистикалық жексенбілік мектебі жаңа оқу жылын бастады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан украиндарының радасы» одағының төрағасы Юрий Тимощенко құттықтау сөз сөйледі. 

«Баршаңызды жарқын және мазмұнды оқу жылының басталуымен құттықтаймын. Оқушыларға жемісті және қызықты өмір, оқуда ынта, табыс, күш-қуат, ал мұғалімдер мен ата-аналарға еліміздің болашағын тәрбиелеуде тек жақсылық пен шыдамдылық тілеймін», - деді ол. 

Сөз соңында Ю.Тимощенко жексенбілік мектептің барлық мұғалімдеріне гүл шоқтарын сыйлады. 

Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА хатшылығының бас маманы Гүлнәр Тайгокова және «Оберег» украин қоғамы ҚБ төрайымы Тамара Ширмер көпшілікке жылы лебіздерін жеткізді. 

Ежелгі украин дәстүрі бойынша ересектер нан-тұз және кестелі орамал арқылы оқушыларды ізгі білім алу жолына шығарып салған. Этномәдени орталықтың шығармашылық ансамблінің орындауындағы әндер мен билер мерекенің сәнін келтірді. 

Салтанатты іс-шара соңында оқушыларға білім алудың маңыздылығы жөнінде мақтау қағазы оқылды. 

Жалпы, «Рідне слово» украиндық этнолингвистикалық жексенбілік мектебі украиндықтардың ұлттық-мәдени қажеттіліктерін қамтамасыз ету және ана тілін сол қалпында сақтау мақсатында ашылған. 

Елордалық № 2 орта мектепте кәріс жексенбілік мектебі жаңа оқу жылын бастады. Ханбок ұлттық киімімен қонақтарды есік алдынан қарсы алды. Мереке Нұр-Сұлтан қаласының кәрістер этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Роза Пактың құттықтау сөзімен басталды. Ол жексенбілік мектептің оқушыларына қызықты әрі танымдық оқу, табыс пен түрлі жақсы жаңалықтар әкелуді тіледі. Одан әрі балалар ойындар мен викториналарға белсене қатысып, ұйымдастырушылар ұсынған сыйлықтарға ие болды. Кеш барысында көрермендер кәріс мәдениеті әлеміне терең бойлады. 

Кәріс жексенбілік мектебінің ерекшелігі – бұл жерде кәріс этносы өкілдерінен басқа да көптеген этнос өкілдері білім алады. Жексенбілік мектепте кәріс тілін нақты және тарихи құндылықты сақтай отырып, жоғары деңгейде оқытады. Соның нәтижесінде тілді меңгеруде оқушылардың бұрын-соңды болмаған қызығушылығы байқалады.

Өзгелердің жаңалығы