Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Балқашта болды

18 Қазан 2019, 07:20
2856
Бөлісу:
Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Балқашта болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Балқаш қаласында атқарылып атқан жұмыстардың барысымен танысты. 

Атап айтқанда, қаланың  жылыту маусымына дайындық барысымен танысып, құрылыс жұмыстарын қарап, сондай-ақ қала активімен кездесті. 

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, аймақ басшысының сапары Қоңырат кентінен басталды. Жеңіс Қасымбекке елді мекендегі қазандықтың жай-күйі туралы ақпарат берді. Ол 1968 жылы салынған. Бұрын "Қазақмыс" ведомствосында болған, 2013 жылы нысан қаланың қарауына тапсырылды. Қазір жабдықтар мен қазандықтар 85% тозған.

"Проблемаларды шешу үшін біз жобалық-сметалық құжаттаманы әзірледік, қазір қаржыландыру мәселесі шешілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны 3,3 млрд теңгені құрайды, жобаны іске асыру мерзімі 10 ай", - деді Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айрат Қарамұрзин.

Қазандықты қайта құру жобасы "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, екі жыл ішінде бұл мәселе шешілуі тиіс.

Сондай-ақ, облыс басшысы Балқаш ЖЭО-да болды. Бұл ескі нысандардың бірі 1938 жылы салынған. Станция жылыту маусымына дайындық төлқұжатын алды. Қуаты 460 Гкал. Жылу кестеге сәйкес беріледі. Балқаштықтарды жылумен қамтамасыз етуден бөлек, Жеңіс Қасымбекті үй салу мәселесі де қызықтырды. Бүгінгі таңда Балқаш қаласында тұрғын үй кезегінде 1300 адам тұрғанын және қоныс тойын ТҚЖБ-ның 5000 салымшысы күтіп тұрғанын ескере отырып, құрылыс қарқыны назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімі соңғы жылдары 10 үй салынған "Самал" шағын ауданында болып қайтты. Мұнда тағы бір 45 пәтерлі көпқабатты үй тұрғызыла бастады. Бұл жалға берілетін тұрғын үй болады. 2020 жылы тағы үш үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ аймақ басшысы "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалына барды. Балқаштағы балалар демалыс орны осы жазда ашылды және онда осыған дейін 2000-ға жуық балалар демалып үлгерген.

"Негізінен еліміздің солтүстік облыстарынан - Ақмола, Павлодар облыстарынан, Петропавлдан, сондай-ақ ШҚО-нан балалар келеді. Бізде ваннаның бірнеше түрі, балшық, бассейн және оттегі коктейльдері бар. Біз 30-дан астам емдеу түрлерін ұсынамыз. Жазда орталықта көл суы пайдаланылады, ал қысқы уақытта балалар бассейнге барады. Өткен маусымда біз 2080 шара өткіздік", - деді орталық директорының орынбасары Гулайман Қожаева.

Орталықтың жалғыз проблемасы – оған апаратын жол. Мекеменің директоры өңір басшысынан осы мәселеге қатысты көмек сұрады.

"Иә, жолдарға қатысты мәселе өзекті. Біз оларды келесі жылы шешуге тырысамыз", - деп жауап берді Жеңіс Қасымбек.

Сауықтыру орталығының корпусы бұрын "Қазақмыс" корпорациясына тиесілі болған. Онда металлургтер шипажайы орналасқан. Депутаттар мен қоғамшылдардың көптеген сұраныстарынан кейін корпорация ғимаратты Білім және ғылым министрлігіне өтеусіз пайдалануға берді.

Қалалық актив отырысында Балқаш қаласының басқа да өзекті мәселелері талқыланды. Әңгіме инфрақұрылым, сумен және жылумен қамтамасыз ету, экология, азық-түлік бағасы және абаттандыру мәселелері төірегінде өрбіді. Облыс әкімі барлық сұрақтар бойынша шешім қабылдауды тапсырды.

"Қоңырат шағын ауданында үздіксіз жылу беруді қамтамасыз ету қажет. Ол үшін біз республика тарапнан көмек сұраймыз. Қазандық жөнделіп, жылумен қамту мәселесін екі жыл аралығында шешеміз. Сондай-ақ Саяқ кентін сумен қамтамасыз ету басым жоба болып табылады. Балқаш қаласының су құбыры желілерін жөндеу қажет. Бұл мәселені шешу керек, ЖСҚ дайындаңыз. Экология мәселелерін де шешетін боламыз, ҚТҚ үшін полигон салу керек. Ең бастысы - қаланың сыртқы келбеті. Тұрғын үй қатынастары бойынша жаңа заң қаңтардан бастап күшіне енеді және алғашқы рет әкімдіктерге лифтілер мен қасбеттерді жөндеу мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Қаланы дамыту, оған туристерді тарту керек. Осы сұрақтармен айналысыңыздар, оларды кейінге қалдырмаңыздар", - деді Жеңіс Қасымбек.



Өзгелердің жаңалығы