Жеңіс Қасымбек Қазақстан-Қытай жобалары жайлы: Лас әрі ескі кәсіпорындар жоқ

5 Қыркүйек 2019, 13:12
1791
Бөлісу:
Жеңіс Қасымбек Қазақстан-Қытай жобалары жайлы: Лас әрі ескі кәсіпорындар жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек Үкімет үйінде өткен брифинг барысында Қазақстан мен Қытайдың бірлескен 55 жобасы жайлы айтты.

«Бұл зауыттар, жаңа жобалар лас деген нарызылықтар айтылып жатады. Бұған қоса, бұл Қазақстан аумағына көшірілетін ескі жобалар деп те айтылады. Мен бірде-бір ескі зауыт немесе Қазақстан аумағына көшірілетін зауыт жоқ деп ресми түрде мәлімдегім келеді. Бұл жобалардың барлығы жаңа», - деді Жеңіс Қасымбек.

Вице-премьер солардың біреуін атап өтті. Ол жақында Қапшағай маңында күн энергиясымен жұмыс істейтін электр стансасы ашылғанын айтты. Онда 30 адам жұмыс істейді. Барлығы – Қазақстан азаматтары. 

«Бұл – су жаңа өндіріс. Бұл – баламалы энергия. Біз соған біртінден көшеміз. Жыл соңына дейін 1000 мегаватт энергия жел мен күннен өндірілетін болады. Бұл – әлемдік тренд. Біз одан бас тарта алмаймыз. Жобалардың барлығы туралы ақпарат Инвестициялар министрлігінің (қазіргі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – автор ескерт.) сайтында бар. Екі жыл бұрын жобалар жайлы мәліметті жариялаған болатынбыз. Бұнда ешқандай құпия жоқ. Тағы бір рет атап өткім келеді, бұл жаңа технологиялар. Ешқандай лас кәсіпорындар немесе бір елдің аумағынан екінші елдің аумағына көшірілетін ескі кәсіпорындар жоқ. Жалпы, осы жобалар аясында 20 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Осы 20 мың жаңа жұмыс орнының 95 пайызы, одан да көбінде қазақстандық азаматтар жұмыс істейтін болады», - деді Қасымбек. 

Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары еліміздегі қытайлық компаниялардың үлесін атап, оларда қанша қазақстандық азаматтың еңбектенетінін айтқан болатын.
Өзгелердің жаңалығы